Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялай отырып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге ерекше басымдық бергені белгілі. Еңбек адамы десе, адамдардың ойына алдымен кәсіподақ ұйымдары оралатыны анық. Өйткені, оның құқығын қорғайтын да, көмек беретін де бірден-бір қоғамдық ұйым – кәсіподақтар.
Биыл еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының құрылғанына 120 жыл, ал Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясына 35 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен кәсіподақтар клубында мерекелік жиын өтті.
Оған атқарушы билік, әлеуметтік әріптестер және кәсіподақ қозғалысына тұрақты қолдау көрсетіп жүрген серіктес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері және жастар қатысты.
Салтанатты жиын мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин тікелей байланысқа шығып, өңірдің кәсіподақ мүшелерін айтулы мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Осыдан кейін «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов баяндама жасап, бүгінге дейін атқарылған бірлестік жұмысының бағыттарымен, қол жеткізілген нәтижелерімен және алдағы міндеттерімен таныстырып өтті. Келесі кезекте құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетоваға берілді.
– Кәсіподақ қозғалысы еліміздегі еңбек саласындағы әділдік пен ынтымақтың айқын көрінісі. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын кәсіподақ ұйымдары құрылып, еңбек адамының құқығын қорғаудың негізі қаланды. Содан бері кәсіподақтар қоғаммен бірге өсіп – елдің тұрақтылығына, әлеуметтік әріптестікті дамытуға зор үлес қосып келеді. Бүгінгі күнде де кәсіподақтар федерациясы мемлекет пен еңбекші арасындағы сенімді арттырып, ел дамуының маңызды серіктесіне айналды. Құрметті кәсіподақ мүшелері, Сіздердің еңбектегі табыстарыңыз, қоғамның орнығуындағы жауапкершіліктеріңіз бен ел дамуына қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Бұдан әрі де ел бірлігі мен қоғамдағы әріптестік байланысымыз жалғасын тауып, өздеріңіздей белсенді азаматтардың арқасында нығая береді деген сенімдемін, – дей келіп, Айжан Есмағамбетова өңірдің елеулі еңбек азаматтарын облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ