23 маусым бүгінгі бейбіт күннің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытатын Қазақстан полициясының күні. Халықтың қорғаны мен сенімді досына айнала білген қызметкерлердің жұмысы көзге оңай болғанымен іс жүзінде мүлде басқаша. Полиция болуды әркім армандағанымен бұл қызмет екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті. Себебі, тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилік көріне білуі аса қажет. Осы саланың қызмет бабында қырағылығымен танылып, елдік мүддені ең биікке қоя білген жанның бірі Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мақсат Ережепов. Тәжірибесі мол тәртіп сақшысы еңбек өтіліндегі 25 жылға жуық ішінде халықтың алғысына бөленген азамат.
Әкесі Мұратбек өз уағында елге қадірлі, білімді азамат болған. Кеңес Одағы тұсында партияның белді қызметкері болып, бірқатар басшылық жұмыстар атқарған. Адалдықты жаны сүйетін Мұратбектің бұл мінезі үш ұлына беріліпті. Ауғанға Кеңестің әскері кірген уақта Мұратбек Ережепов те өз өтінішін білдіреді. Алайда отбасылық жағдайына байланысты бармай қалады. Бірақ, көп ұзамай басшылық оны партиялық қызметтен құқық қорғау органдарына ауыстырады. Осы сәттен Мұратбек үйге милиция формасында келіп, ұлдарының мақтанышына айналып, армандарына себепкер болады. Әкелері тергеу саласында ұзақ жылдар еңбек еткен азамат. Еліміздің бірқатар өңірлерінде жұмыс істеді. Алғырлығы мен білімділігінің арқасында Мұратбек Ережепов Кеңес одағының ішкі істер министрлігінің аса маңызды істерді тергеу бөлімінде бірнеше жыл еңбек етеді. Ал, әкесінің жұмыс киімін киіп өскен ұлдары әке жолын жалғауды армандайды. Үш ұлының үлкені Мақсат Мұратбекұлы әсіресе тергеушіге арналған жұлдызға қызығады. Десе де, оны бала Мақсат мінезі қатал, темірдей тәртіпті қалайтын әкесіне айтуға қаймығады. Мақсат Мұратбекұлы бала кезден өте алғыр болады. Сабақты жақсы оқып, артындағы қос інісіне үлгі бола білді. Мектепті аяқтаған соң әкесінің қалауымен Алматыдағы медициналық институтқа барып, оқуға құжат тапсырады. Емтиханның барлығынан сүрінбей өткен ол, өздігінен өтінішін қайтарып алып, ауылға аттанады. Мұның себебі бала күнгі арманы еді. Әкесі оқуға түспеген баласына өкпелеп, оны өз бетінше күн көруге бағыттайды. Әр түрлі қара жұмыстардан қажыған Мақсат әкесінің алдына барып, арманы полиция болу екенін айтқандағысы әлі есінде. Әкесінің көзіне жас келіп, еміреніп ұлын сүйіп «қалауың қиын жол. Менің ізімді жалғаймын дегеніңе қуаныштымын» деп ерекше қуанғаны әлі көз алдында. Содан әкесі өз жолын қуған баласын Қарағанды қаласындағы жоғарғы тергеу мектебіне түсіреді. Арада төрт жыл өтіп арман қуған Мақсат, «лейтенант Ережепов» болып шығады.
1997 жыл, жаз мезгілі. Лейтенант Мақсат Ережепов өз туған жері Меркі ауданына оралады. Онда ол тергеуші болып жұмыс жасайды. Жаста болса өз жұмысына деген махаббаты оны алға сүйрейді. Бірнеше жыл Меркі ауданында жұмыс жасаған Мақсат Мұратбекұлы дәйім үздіктер қатарынан көрініп жүрді. Табандылығы мен таланты оны басшылықтың назарына еріксіз түсіреді. Содан ол, есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасында қызмет етіп, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу және Жуалы аудандарында жұмыс істейді. Бұл салада талайдың нашақорлық жолындағы кәсібіне балта шабады. Есірткіге қарсы күресу жолы айтпаса да белгілі. Қаншама тасымалдаушылармен бетпе-бет кездесіп, қару қолданылған қарсы күштерге де тап болады. Мұндай жағдайда оның жүректілігі қорқынышқа бой алдырмайтын. Бұл салада көп көрсеткішке қол жеткізген Мақсат Мұратбекұлы басшылықтың бұйрығымен облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы болады. Бір айта кетерлігі осы жылдары өзінің туған інісі Еркебұлан Ережепов те Павлодар облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы қызметін атқарады. Міне, жоғарыда атап өткен тергеуші Мұратбек Ережеповтің қос ұлы осылайша әке жолын жалғайды. Еңбек жолы өзге полицейлерге үлгі болатын Мақсат Мұратбекұлы 2009-2012 жылдары Меркі, Шу ауданында полиция бөлімі бастығының орынбасары, 2013-2016 жылдары Меркі аудандық полициясын басқарса, 2016-2019 жылдары облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасын басқарды. 2019 жылы Жуалы ауданында аудандық полиция бөлімінде жетекшілік етеді. Ал, 2020 жылдың басында Қордай аудандық полиция бөліміне басшы болып тағайындалды. Мұнда Мақсат Ережеповке басты тапсырма қоғамдық тәртіп пен жедел саяси ахуалды қалпына келтіру еді.
Топырағына құт қонған, батырлар мен ақындардың мекені саналған Қордай халқы Мақсат Мұратбекұлын жылы қарсы алды. Ол өзінің жиырма жылдан астам жинаған тәжірибесін көрсете жұртшылықтың ықыласына бөліне білді. Қордай ауданына тағайындалған уақыт қатаң карантин кезімен тұспа-тұс келді. Ал, карантин тұсында полиция күшейтілген режимге көшкен. Басты мақсат – елдің амандығы мен халықтың қауіпсіздігін сақтау. Бұл бағытта тәртіп сақшылары күнделікті рейдке шығып, карантин шараларын сақталуын қамтамасыз етті. Осы жұмыстардың басы-қасында Мақсат Ережепов әрқашан табыла білді.
-Нәтижелі жұмысты тек бір адам ғана жасай алмайды. Ол ұжымның арқасында болатын жетістік. Бүгінде қалпына келген жағдай аудан басшылығымен бірлескен жұмыстың жемісі. Біз бірлесе әлі де көптеген жұмыстар атқарудамыз, — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы.
Расында Қордай ауданында тәртіп сақшыларының жұмысы оң нәтиже беруде. Атқарылған жұмыстар облыс басшылығының назарынан тыс қалмай келеді. Жыл сайын сала үздіктері ауданнан шығып жатыр. Атап айтсақ, өткен жылы аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Сейілбек Садырбаев облыста «Үздік учаскелік инспектор» атанып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінен «Ішкі істер органдарының үздігі» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, Ғалым Пірматов, Серік Насырқұл және Руслан Қожахметов «Ерлігі үшін» медаліне қол жеткізген. Тізбектей берсек аудан полицейлерінің жетістіктері жетіп артылады. Сонымен қатар, мұнда құрылыс жұмыстары да қарқын алуда. Тәртіп сақшылары үшін күн артып барлық жағдай жасалынуда. Олардың бос уағында жұмыс барысына дайындалу алаңдары да салынған.
-Біз халықпен байланысты күн өткен сайын күшейтудеміз. Әр учаскелік инспектор өз аумағында тұрғындармен дәйім жақсы қарым-қатынаста. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы өз жұмысымызды баяндап отырамыз. Өзім аптасына бір мәрте тікелей байланыс-та халықпен кездесіп, олардың өтініш пен мәселелеріне мән берем. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі алаяқтыққа жол бермеу мақсатында жұмысты қолға алудамыз. Ол бойынша біршама жұмыстарды да атқардық- дейді М.Ережепов.
Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Алайда, бүгінгі күні полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызмкеткерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да оған төзу керек. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс екені анық. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Ал, бұл қызметтегі қателік кешіріммен аяқталмайды.
-Өзімнің 25 жылға жуық тәжірибеме сүйене айтатын болсам, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда бүгінгі таңда жұртшылықтың полицияға деген сенімі өте жоғары. Сондықтан, бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу шарт. Дене шынықтырумен айналысу, спортпен машықтану – полиция қызметкерінің өмірінен ойып тұрып орын алатын нәрсе. Сонымен қатар, полицейлер үшін талап пен жігер қажет деп ойлаймын, — дейді полиция полковнигі Мақсат Мұратбекұлы.
«Әкеге қарап ұл өсер» демекші Мақсат Ережеповтың ұлы Тамерлан Мұратбеков те осы саланы таңдаған. Ол да әкесіндей болуды армандап өсті. Оның бұл салаға қызыққанын әкесі Мақсат бала кезінен сезіп, білді. Өйткені өзі де полицейдің баласы болды. Ұлының атадан жалғанған кәсіпті таңдағанына ерекше қуанған Мақсат Мұратбекұлы оны өзі оқыған Қарағанды қаласындағы жоғарғы тергеу мектебіне оқуға түсірді. Бүгінгі таңда оқуды аяқтаған Тамерлан Мақсатұлы туған ауылында еңбек жолын бастаған.
Анығында, атасы қызмет еткен тергеу саласын немересіне дейін жалғауы сирек кездесетін жағдай. Расында да, адам баласының арман-мұраты өз отбасында қалыптасады. Бұл әулетке қарап, қазақ халқында әбден құлағымызға сіңген «әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің текке айтылмағандығы көрінді.
Мадияр Қарабаев