Сотқа құрметсіздік – құқық пен әділдікке қатер. Сотқа құрметсіздік – әділ сот төрелігінің негізін шайқалтатын құбылыс. Соңғы уақытта сот тәжірибесінде сотқа құрметсіздік таныту фактілері жиілеп кетті. Бұл – сот процесіне қатысушылардың, сондай-ақ кейбір азаматтардың судьяларға тіл тигізуі, сот залындағы тәртіпті елемеуі және әлеуметтік желілерде орынсыз пікірлер жариялауы түрінде көрініс табуда. Мұндай әрекеттер заң нормаларын бұзып қана қоймай, сот билігінің беделін түсіріп, құқықтық мемлекеттің іргетасына нұқсан келтіреді.
Сот – бұл әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін орын, сондықтан мұнда тәртіп пен сыйластық басты қағида болуы тиіс. Жауапкершілік шаралары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабына сәйкес, сотқа құрметсіздік білдіргені үшін айыппұл салу немесе әкімшілік қамауға алу түріндегі жауапкершілік қарастырылған. Сот органдары ескертеді: дөрекі сөйлеу, судьяның нұсқауларын орындаудан бас тарту, былапыт сөздер айту немесе сот отырысының өтуіне кедергі келтіру — бұл құқық бұзушылық болып есептеледі. «Сотқа құрметсіздік – бұл жай ғана тәртіп бұзу емес, бұл әділдік ұғымының өзіне қол сұғу. Сот – азаматтардың құқықтарын қорғайтын институт, ал оған құрмет көрсету – әркімнің міндеті».
Сот жүйесі азаматтарды сот залында және қоғамдық кеңістікте әдеп нормаларын сақтауға, сот билігі мен заңға құрметпен қарауға шақырады. Тек заң мен әділдікке деген құрмет арқылы ғана қоғамда тәртіп пен сенім орнайды.
Ә.Орумбаев,
Қордай аудандық сотының
аға сот приставы