Қордай ауданында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған спорттық шара өтті. Мерейлі дата аясында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мекемеаралық кіші футбол
турнирін ұйымдастырды.
Жарысқа аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай аудандық басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы, сондай-ақ ұстаздар мен дін қызметкерлері қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Теңбіл доп шеберлерінің өзара сайысы достық пен бірлікті нығайтуға бағытталған спорттық рухтағы шара болды. Көптің қолдауына бөленген ойын нәтижесінде төртінші орынды – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай аудандық басқармасы, үшінші орынды – аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, ал екінші орынды – аудан мектептерінің ұстаздары иеленді.
Ал жүлделі бірінші орын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы командасына бұйырды.
Шара соңында жеңімпаз және жүлдегер ұжымдар кубоктармен және алғыс хаттармен марапатталды.