ЖӘРДЕМ ЖАСАЙТЫН МЕКЕМЕЛЕР

0

2011 жылдан бері қазан айының соңғы жексенбісі – «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» болып бекітілген болатын. Мемлекеттің ауқымды міндетінің бірі — халықтың барлық санаттарына әлеуметтік қамқорлық көрсету, яғни әлеуметтік қорғау. Бүгінгі мереке — өзге жанның ауыртпалығын арқалап, оны шешуге бар күш–жігерін жұмсайтын абзал да мейірімді жандардың мерекесі. Осы мереке қарсаңында аудандағы әлеуметтік саланың әлеуетін көтеріп, күрделі салада күніге талмай еңбек етіп жүрген жандар мен мекемелер турасында аз-кем сөз етуді жөн санадық.

 

Әлеуметтік сала дегенде алдымен көз алдымызға ел аузында «собез» атанып кеткен Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі келеді. Ақсана Елеусізова басқарып отырған мекеменің жұмысы қашанда шаш-етектен. Ал, атқарылған жұмыстары ұшан-теңіз.

Бөлім тарапынан биылғы жылдың есепті кезеңінде Ауған соғысына қатысқан, қаза болған жауынгерлердің отбасыларына және Ауғанстанға жіберілген жұмысшыларға, Чернобыль апатына қатысқан азаматтарға, 1988–1989 жылдары Чернобыль апатына ұшыраған азаматтарға, апаттың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болған азаматтардың отбасыларына, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген 10 қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына, 172 тыл ардагеріне, 1 теңестірілген азаматқа, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған, сондай-ақ ядролық сынақтарға және жаттығуларға тікелей қатысқан 10 азаматқа, Тәжікстан – Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының 44 әскери қызметшісіне, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшылары және қатардағы құрамында болған 45 азаматқа, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына және бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезіндегі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жәрдемақы төленген. Әйтеуір әлеуметтік жағынан әлеуеті төмен жандарға деген қамқорлық. Бұл – әрине, мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдай. Дей тұрғанмен де, солардың әрқайсысының жағдайын біліп, күтіп, қажет болғанда қол ұшын созатын да осы мекеме.

2025 жылдың 1 қазанына дейін аудан бойынша жалпы мүгедектігі бар – 4 304 адам тіркелген. Оларды оңалту шараларына қомақты қаржы бөлінген.

144 мүгедектігі бар балаға жәрдемақы тағайындалып, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде – 276 мүгедектігі бар адам жөргекпен, – 14 азамат нәжіс қабылдағышпен, – 18 азамат несеп қабылдағышпен қамтылған. 22 мүгедектігі бар адамға ымдау тілі мамандарының қызметі көрсетілсе, бірқатар жандарға жеке көмекші қызметі тағайындалған.

Сурдотехникалық құралдармен – 47, тифлотехникалық құралдармен – 43 мүгедектігі бар адам қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 282 азамат санаторий-курорттық ем алуға жіберілген.

Арнаулы жүріп-тұру құралдары 56 адамға берілген, ал протез-ортопедиялық құралдармен 180 адам қамтылған. Үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметпен 281 адам қамтамасыз етілген.

Инватакси қызметі де қазіргі таңда жүйелі жолға қойылған. Мерекелік күндер қарсаңында белгілі санаттағы азаматтарға – барлығы 446 адамға жалпы сомасы 45 050 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіліпті.

 

Қолдау мен қорғау жолында

 

Қордайдағы «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» туралы барлығы жақсы біледі. Биыл ашылғанына 10 жыл болған ерекше мекемеде ерекше балалар тәлім алуда. Мекемені әлеуметтік салада үлкен тәжірибесі бар Эльнура Мінісқұлова басқарып келеді. Сол ашылғалы бері олар әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оңалту мен бейімдеу бағытында кешенді қызмет атқарады. Отызға жуық қызметкерлері бар мекемеде өз жұмысына берілген, нағыз балаларға жанашыр жандар еңбек етуде. Осы жылдар аралығында оңалту орталығына жүгінген балалар ішінде 15 бала өз аяқтарымен жүруді үйренсе, 13 бала мектепке баруға жараған. Осы тұста айта кетерлігі, он жыл ішінде жалпы 217 балаға қызмет көрсетілсе, қазір орталықта отыз бала ем қабылдауда.

 

Негізінен, өздігінен жүріп-тұра алмайтын, барлығы дерлік жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты бұзылыстарына шалдыққан, яғни елге қазір аты таныс ДЦП диагнозы қойылған балалар. Сол балалардың жүріп-тұруына, тіпті мектепке баруына қолғабыс еткен орталықтың мамандарына қандай мақтау айтса да жарасады. Әрқайсысы өз саласында тер төгіп, баланың болашағы үшін аянбай еңбек етеді. Бұл – жай ғана жұмыс емес, үлкен жүректі, ерекше жанашырлықты талап ететін мамандықтар.

Бала жүрегіне жол табу, оны сенім мен махаббатқа бөлеп, өмірге бейімдеу – әрбір маманның басты мақсаты.

– Олар — ерекше баланың жарық өмір сүруіне себепкер болатын шын мәніндегі жанашыр жандар, – дейді Эльнура Төлендіқызы.

Қазіргі таңда өздері отырған ғимараттан да үлкенірегі болса, балаларға бұдан да көбірек көмек көрсетуге болар еді, дейді мамандар. Бірақ қазіргі отырған орындарында-ақ талай баланың қоғаммен етене байланысып кетуіне барлық жағдай жасап жатқан жандардың еңбегі ерекше.

2021 жылдан бүгінгі күнге дейін «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ жұмыс істеп келеді. Қысқаша айтқанда, бұл – тағдыр тәлкегімен баспанасыз қалған қарт адамдарға арналған мекен. 15 адамға қызмет көрсетуге арналған аяулы орында қазір өмір сүріп жатқан жандар әлеуметтік қызметкерлердің аялы алақанын сезініп жүр. Айнұр Алматаева басшылық ететін әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында қазір жанға жайлы атмосфера орнаған. Онда әр мереке сайын ауданымыздағы мекемелер, тіпті білім ошақтары барып, концерттік бағдарламаларын ұсынып, дастархан жайып, қамкөңіл жандардың көңілін бір аулап қайтады. Бұл қазір тіпті игі дәстүрге де айналып үлгерген. Онда мекендеген жандарға әрдайым сапалы тағам мен медициналық көмек көрсетіліп отырады. Қазіргі таңда бір отбасындай өмір сүріп жатқан орталық жұмысына сәттілік тілейміз.

Ал, Қордайдағы «Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ туралы біреу білсе, біреу білмес. 2020 жылдың күз айында ашылған бұл мекемеде түрлі тұрмыстық жағдайға тап болған әйелдер мен олардың балалары уақытша мекендейді. Мекеме басшысы — Шынаркүл Бесенбаева. Онда зардап шеккендерге баспана, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Орталық қабырғасында балаларға арналған түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Олар сапалы азық-түлікпен, гигиеналық заттармен және жатын орындармен толық қамтамасыз етілген.

Мақаламызда аудандағы әлеуметтік сала жайында аз-кем сөз еттік. Бұл мекемелерде күнделікті қаншама жан еңбек етіп, қарттардан бастап балаларға дейін, мұқтаж бен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсетіп, адал еңбектің ерен үлгісін көрсетіп келеді. Осылармен қатар, ауданда әлеуметтік мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін үкіметтік емес ұйымдар да қазіргі таңда жемісті еңбек етуде.

Осы бір қиындығы мол салада еңбек етіп жүрген барша жандарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Дайындаған Ж.ОМАРОВ

 

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.