Соңғы кезде шағын ауылдарды ауызсумен қамтудың жаңа үлгісі шықты. Халық саны өте аз болғандықтан ауызсу құбырын тарту тиімсіз, әрі көп қаражатты керек етеді.
Сондықтан Қордай ауданына қарасты елді мекендер ауызсумен толық қамтылды десек те, таза суды тұтына алмай отырған ауылдар бар. Солардың бірі – Алға ауылдық округіне қарасты Көкадыр елді мекені.
Аталған елді мекенде суды тазартатын кешенді блок-модулі орнатылып, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Су тазартқыш кешенді блок-модуль – бұл шағын ауылдарда суды тазарту үшін қолданылатын арнайы қондырғы.
Ауыз су мәселесін ауыл тұрғындары аудан басшысы Бегзат Болатбековтың азаматтарды көшпелі қабылдауында көтерген. Аталған мәселелерді назарға алған аудан әкімі, жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, тұрғындар өтініші шешімін табатынын айтқан болатын.
«Жерден келген ащы су арнайы екі сүзгіден өтеді. Қазір барлық жабдықтар жаңадан орнатылып, алдағы уақытта іске қосылады. Тазалау ультрафильтрді қолданудың арқасында судан зиянды заттар жойылады», — дейді нысан орнымен таныстырған округ әкімі Берік Әбілдаев.
Айта кетейік, ауылға кешенді блок модуль арқылы су жүйесін кіргізген мердігер – «Қордай Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорны болса, тапсырыс берушісі – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі.