Қордай жерінде «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына аудан тұрғындары бір үйдің баласындай жұмыла кірісіп, акцияны апта сайын өткізуде.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – халықтың назарын табиғаттың ластану мәселесіне аудару, қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция аясында әрбір ауылдық округте орталық көшелер мен ауылдың маңын қоқыстардан тазартуға, көгалдандыруға және жалпы аумақтарды абаттандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өтуде. Бесіктегі баладан таяқ ұстаған қарияға дейін атсалысып жатқан сенбіліктер бір жағынан туған өлкенің тазалығы деген сөз. Ауылда тұрып, ауасын жұтып, топырағын басқаннан кейін осы ауылдың тазалығы бірінші орында болу керек.
-Ауылымызда өте бір жақсы, ауылдың іші-сыртын, көшелерді , аулаларды жинастыру, сенбілік жасау науқаны өтуде. Тазалық адам денсаулығының кепілі. Сол арқылы ұрпаққа үлгі-өнеге береміз, қарап тұрсаңыз, мұның тереңде жатқан мәні бар. Қолдаймыз, қуанамыз, қазақ елі, өркендеп өсе берсін, — дейді қордайлық ақсақал.
Игі іске аудан басшылығы, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен аналар кеңесінің мүшелері, мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары, көпбалалы аналар, белсенді жастар және ауыл тұрғындары қатысып, әрбірі қоршаған ортаны жақсартуға өз үлесін қосып келеді.
-Бұның маңыздылығы өте зор. Қала болсын, ауыл болсын Қазақстанымыздың тазалығына әрбір азамат жауапты деп санаймын. Барлығымыз бірігіп, ағаш егіп, даланы абаттандыру акциясына қатысып жатырмыз. Ауылымыз дами берсін, — дейді көп балалы ана.
Осы ретте жастардың белсенділігін атап өткен жөн. «Жастар ресурстық орталығы» КММ көмегімен қоқыстарды, құрғақ жапырақтарды жинау бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Жас қордайлықтар жұмысты бірлесе істеп, тазалық орнатты.
-Табиғатымызды қорғау, аялау сақтап қалу біздің борышымыз, біздің міндетіміз, — дейді «Береке» колледжінің 3-крс студенті Айгерім Құлпыбаева. — Таза Қазақстанның жарқын болашағы үшін атсалысуымыз керек. Және де осы елдің ертеңі біз.
Осындай акциялардың арқасында көптеген жұмыстар атқарылып, экоеріктілер қозғалысы дамуда, бұл табиғатты қорғап, қолдаудың жақсы мысалы.
* * *
Қордай ауылдық округінде Қордай ауылы, Рысқұлбеков көшесінде пайда болған апатты күл-қоқыс орны жойылды. Тазалық және абаттандыру жұмыстары Қордай ауылдық округінің көгалдандыру тобының күшімен іске асты. Көгалдандырушылар аумақты қоқыстан толық тазалап, ауылдың көркін келтіру мақсатында ретке келтірді.
«Құрметті ауыл тұрғындары! Тазалық – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Қоқысты бейберекет жерлерге төгуге болмайды. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген және айыппұл салынады. Ауылымыздың тазалығы мен көркі өз қолымызда. Туған жерімізді бірге таза ұстайық!», — деп үндеу жасауда ауыл әкімі аппаратының қызметкерлері.
* * *
Жамбыл ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік жұмыстары жүргізілді. Оған мекеме қызметкерлері атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, қоқыстарды тазалау, талдарды әктеу жұмыстарын атқарды.
Сенбілік жұмыстар – тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде.
* * *
Акция аясында Сортөбе ауылдық округінде де жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Қатысушылар көшелерді қоқыстардан тазартып, жол жиектеріндегі қураған шөптерді шауып, ағаштарды баптап, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды ретке келтірді.
-Ауызбіршілік пен келісіп істелген жұмыстардың арқасында ауылымыз біршама тазарып қалды. Баршаға белсенділік танытып, өз ауылының келбетін жақсартуға қосқан үлестері үшін алғыс айтамын, — дейді Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло.
* * *
Кенен ауылдық округінде ауыл аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон маңында санитарлық талаптарға сай қоршау жұмыстары жүргізілді. Бұл шара қоршаған ортаны қорғау және тазалықты сақтауға септігін тигізгені рас.
«Қатты қоқыс қалдықтарын кез келген жерге емес, арнайы белгіленген орынға тастауларыңызды сұраймыз. Ауыл тазалығы баршамызға ортақ жауапкершілік!», — деп үндеу жасады ауыл ақсақалдары.
* * *
Қарасу ауылдық округінде Майбұлақ су қоймасының су ағынын реттеу мақсатында арнайы шлюз орнату жұмыстары жүргізілуде. Аталған құрылғы су деңгейін тиімді бақылауға, су тасқынының алдын алуға және ауыл шаруашылығы алқаптарын суару жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс – округ аумағындағы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
* * *
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Сұлутөр ауылдық округі бойынша сенбілік ұйымдастырылып, тиісті мекемелердің аймақтары мен ауылдың ішін тазалау жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға арналған маңызды бастама. Бұл акцияның мақсаты – табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және халықтың экологиялық мәдениетін көтеру. Ауданның түкпір-түкпірінде сенбіліктер өткізіліп, көшелер, саябақтар, өзен-көл жағалары қоқыстан тазартылуда.
Акцияға еріктілер, жастар, мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым тұрғындар да белсене қатысып жүр. Әрбір адамның кішкентай еңбегі – үлкен өзгеріс әкеледі. Ауыл тазалығы – сол жердің халқының мәдениеті мен жауапкершілігін көрсетеді.
Сонымен қатар ауыл көшелерінде ағаштарды кесу және ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар қураған әрі қауіпті ағаштарды жою және ақын ауылының көркін арттыру мақсатында атқарылды.