Қыздар жағы мектеп бітірерде әдетте мұғалім, дәрігер болуды, әдебиет, мәдениет жағын таңдап жатады. Ал, Салиха болса, ер азаматтардың өзі тәуекел ете бермейтін су шаруашылығының әйдік маманы болды да шықты. «Ертеден кешке дейін үй бетін көрмей аңызақ далада канал жағалап, су қоймаларының жағдайын бақылап, керек болса белуардан су кешіп коллекторлардан егістікке бөлінген су деңгейін өлшеп жүру қыздарға лайық па?» дерсіз. Ал, Салиха Қасабекқызы үшін бұл өмірінің мәніне айналғалы жарты ғасырдан асыпты. Тіпті, зейнетке шығып, жасы жетпісті алқымдаған бүгінгі күнге дейін әріптестері сол жұмысынан қол үздірмей келеді. Өйткені, қызметіне адал, білікті мұндай мамандар көшеде жатқан жоқ.
Шыны керек, тәуелсіздік жылдары су шаруашылығына жете мән беріле қоймады. Кеңес үкіметі кезінен бері бүкіл елге су мамандарын дайындап келген жалғыз оқу орны — Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты жабылды, су шарушылығы министрлігі таратылды. Су қоймаларын, өзен-көлдерді, каналдарды бақылауға бөлінетін қаржы азайды, жартымсыз жалақымен қалған су мамандары басқа салаларға кетіп жатты. Оның зардабы көп күттірген жоқ, өткен жылы ғана жарты Қазақстанды жайпап өткен алапат су тасқынынан кейін шұғыл түрде барлығы орнына келтіріліп жатыр. Министрлік қайта құрылды, Тараздағы арнайы оқу орны да қайтадан ашылды. Міне, осының өзі-ақ біздің кейіпкеріміз таңдаған мамандықтың қаншалықты маңыздылығын көрсетсе керек-ті.
Салиха да әуелде мұғалім болмақшы еді. Өйткені, Михайловка (бүгінде Қарасай) ауылдық мектебінде қырық жылдан аса ұстаз болған әкесін өзіне мият тұтты. Бастауыш сыныптар мұғалімі Қасабек Сатылғанов бүкіл ауылға қадірлі кісі болатын. Анасы Бүбіхан да бес баланың тәрбиесімен елге сыйлы жан еді. Олардың қолдауымен Салиха мектеп бітірген 1973 жылы Қырғыз мемлекеттік университетіне құжатын тапсырып, өзі жақсы оқып меңгерген неміс тілін таңдайды. Бірақ, аяқ астынан ауырып мемлекеттік емтиханға қатыса алмай қалады. Сөйтіп, келесі жылды тосуға тура келеді. Бір жыл үйде бос отырғанша деп аудан орталығында тұратын әкпесіне келеді. Ол кезде әкпесі Роза банкир, жездесі Рахат Смағұлов Төменгі-Шу суландыру жүйелері басқармасында бас инженер болатын. Олар Салиханы су технигі етіп жұмысқа орналастырады, «уақытша істей тұрсын, келесі жылы қалаған оқуына түсе жатар» деп ұйғарысты. Бірақ, бұл «уақытшаның» бүкіл ғұмырына созыларын ол кезде кім болжапты? Алғашқы тәлімгері болған Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі Иван Андреевич Леонтьев оған өз мамандығының қыр-сырын ыждахатпен үйретіп, сүйіспеншілігін де оята білді. Жаратылысынан елгезек, не жұмысты да тыңғылықты атқаратын ойы жүйрік, қолы епті пысық қыз лайықты білім алса, бұл саланы да игеріп кетері анық еді. Сөйтіп, облыстық су шаруашылығы басқармасының мінездемесімен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына келіп түсті.
Кезінде бұл оқу орнының мәртебесі биік болды. Бүкіл республикадан жыл сайын екі жүзден аса бала қабылданатын. Көбінше ер балалар, қыздар жағы саусақпен санарлық. Оқу орыс тілінде жүреді, бірыңғай сызбалар, есептеулер, тіл бұрайтын ауыр терминдер. Оқуға түскендердің барлығы бірдей институтты аяқтай да бермейтін. Ауылда орыс мектебінде оқыған, әрі неміс тіліне жетік Салихаға «кең профильді гидромелиорация» факультетінде оқу аса қиын тимеді. Есесіне, чертеж сызудан, техникалық есептеулерден алдына жан салмайтын-ды.
Үшінші курсты бітірген жылы институтта бірге оқитын Аманғалимен тұрмыс құрды. Ол бұдан бір курс төмен оқитын. Салиха инженер-гидротехник мамандығымен оқуын бітіріп, жолдамамен Қордай ауданына жіберіледі. Бір жылдан ері де дипломын алып, екеуі қол ұстасып оның туған жері Атырауға жол тартады. Бірақ, батыстың ауа райы оңтүстіктің қызына жақпай, бір жылдан соң олар қайта Қордайға келді. Аманғали — «Искра Ленина» колхозының бас инженер-гидротехнигі, Салиха — Төменгі-Шу суландыру жүйелері басқармасында паспорттау ісімен айналысып жатты. Ол кезде бұл жүйе облыстағы Қордай, Шу, Мойынқұм, Меркі, Луговой сияқты бес бірдей ауданды сумен қамтитын ірі құрылым еді. Облыстың жартысы дерлік осы бес ауданның су шаруашылығы нысандарын паспорттау айтқанға ғана оңай, бірақ өте маңызды міндет. Әр су қоймасының, каналдың, арық-атыздардың сыйымдылығы, ұзындығы, көлбеулігі, су өткізу мүмкіндігі тәрізді техникалық өлшемдері алынып, құжатталуы тиіс. Бұл қолда бар су ресурстарын дәл есептеп, суды дұрыс бөлу арқылы егістіктің өнімділігін арттыруға жол ашады.
Жылдар өтіп жатты, Салиханың да тәжірибесі молайды, басқармадағы беделді де білікті мамандардың біріне айналды. Қатардағы маманнан бас маманға, одан бөлім басшысына өсті. 2004-2008 жылдары жаңа құрылған «Қордай берекесі» КМК су шаруашылығы бастығының орынбасары, кейіннен 2015 жылға дейін жеті жылдай бастығы болып еңбек етті. Арасында бір маусым «Алтын қазық» ауылдық су пайдаланушылар кооперативін басқарғаны бар. Зейнетке шыққан соң да оны демалысқа жібермей, осында су пайдалану бөлімінің бас маманы болып тағы екі жыл жүрді. Бүгінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментіне қарасты «Жамбыл су қоймалары» МКМ-нің Шу, Қордай, Мойынқұм аудандары бойынша бөлімшесінде өзі бастық, өзі инженер-гидротехник. Шу, Мойынқұм тараптағы бес-алты, Қордайдағы үш — «Алтыайғыр», «Ешкілі Қордай» және «Майбұлақ» су қоймаларының жай-күйін қадағалау міндеті мойнында.
С.Қасабекованың он жеті жасынан бастап елу жылдан аса су шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі әріптестері тарапынан лайықты бағалануда. «Ол өз ісін нақты білетін маман, су шаруашылығы жүйесіндегі көп жылдық еңбек жолында бай тәжірибеге ие болды. Жауапкершілікті обьектілерде жұмыс істей жүріп, өзіне жүктелген тапсырмаларға аса зор жауапкершілікпен қарады, еңбекқор және сауатты маман ретінде танылды» – деп жазды Салиха туралы облыс су шаруашылығы саласының ірі маманы Дәулет Асамбеков «Су патшалығымен сырласқан жылдар» деген естелік кітабында. Сондай-ақ, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен ғылым докторы, академик Оразхан Қарлыханов, ССРО кезінде Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев, гидроқұрылғылар бойынша ұтымды жобаларды басқарған Нұртаза Құдайбергенов тәрізді сала корифейлері де Қордайдағы қаршадай сушы қыздың еңбегіне құрметпен қараған екен.
Иә, Қордай ауданының 55 мың гектар суармалы егістіктеріне жалпы ұзындығы 150 шақырымдық қым-қиғаш тарамақты каналдармен су жеткізудің қиындықтарын сол саланың мамандары мен диқандар ғана біледі. Үкіметаралық келісім бойынша егістік суының 80 пайызын трансшекаралық Шу өзенінен алатын аудан егіншілері үшін әр тамшы су алтындай бағалы. Кейде қырғыз ағайындар шөміштен қысып, су бөлуде алашапқын тудыратыны бар. Диқан қауымның ала жаздай кетпен көтеріп, бел талдырып еткен еңбегінің еш кетпеуі — суды қасықтап өлшеп, әділ бөлуге жауапты су мамандарына да ауыр сынақ. Ал, сонау Қарасайдан мына жағы Қайнарға дейінгі аралықтағы жүздеген шаруа қожалықтары мен агросеріктестіктердің егіншілері мен диқандары үшін Салиха өз адамына айналып кеткелі қашан. Оның әйел басымен уақытпен санаспай судың басынан табылатынын, өз ісіне жоғары жауапкершілігі мен принциптілігін құрметтейді.
— «Су – өмірдің нәрі» деп тегін айтылмаған, — дейді Салиха Қасабекқызы. Халықтың саны ұдайы өсуде, егістік көлемі артып, өсірілетін дақыл түрлері де көбейіп жатыр. Бірақ, судың көлемі өспейді, тіпті, жаһандық жылынудың салдарынан барған сайын оның тапшылығы арта бермек. Сондықтан, әр тамшы суды тиімді пайдалану күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналған. Суды үнемдеудің тамшылату, жаңбырлату тәрізді озық технологияларын барынша кең қолданатын кез қазір…
Мамандыққа адалдық – С.Қасабекқызының еңбек жолының айқын көрінісі. Нағыз ер азаматтарға лайық жұмыстың басы-қасында жүріп талай мәрте төтенше жағдайлармен бетпе-бет келіпті. 2008 жылы «Георгиевка» каналының оң тармағы «Поле чудес» тұрғындар аумағының тұсынан жырылып кетіп, қаншама үйлерді лай су басып қалды. Салынғанына сексен жылдан асқан топырақ каналдың бұзылуына оны бойлап ін қазған көртышқандар «кінәлі» деп танылды. 2010 жылы «Алтыайғыр» су қоймасы жауын-шашынның нормадан көп болуынан ернеулей толып, желдің әсері су айдынында толқындар тудырып, бөгетті бұзып кету қауіпі туғаны ше? «Қарақоңыз», «Қақпатас» су қоймаларында да осындай жағдайлар орын алып, су мамандары қауіпті сейілтуге бірнеше күндеп ұйқы, күлкісіз жанталасқан кездер қалай ұмытылсын. Тағы бірде Салиха бухгалтері, шофері үшеуі «Нива» көлігімен көктемде суы тасып жатқан Қақпатас өзенінің ортасында қалып қояды. Бұлардың белуардан су кешіп көлікті итеріп шығармақ болған әрекетінен түк өнбейді, талай дүниелері суға ағып та кетеді. Салиха болса ерте көктемдегі еттен өтіп, сүйекке жеткен мұздай суға қарамастан, сушыларға апара жатқан жалақы қаражаттары салынған сөмкеден тістей қатып айырылмайды…
Өмірдің, көңілі қалаған кәсіптің осындай ыстық-суығын тең тата жүріп, бүгінгі күнге жетті. Аманғали ертерек өмірден өтіп кеткен. Шүкір, бір ұл, бір қызын өзі өсіріп адам қатарына қосты. Ұлы Нұрғали полиция майоры, келіні Флюра кәсіпкер, немерелері Әділхан Испанияда, Раяна Алматыда оқып жүр. Қызы Жұлдыз Астанада қызмет етеді. Екі інісі Жақсылық пен Жангелді әкеден қалған қара шаңырақты шайқалтпай келеді. Кейде өзінің желкілдеп өткен балалық шағы, жас кездері ойға келеді. Бақытбек, ерлі-зайыпты Мэлс пен Нағипа, Ғани, Раул, Дүйсенкүл сынды сыныптастарымен өткен күндер қандай ғажап еді. Германияға, Ресейге көшіп кеткен Наталя Гельман, Зинаида Шамина деген неміс, орыс достарын да сағынады. Институтта бірге оқыған курстастарының көбімен әлі де тығыз байланыста. Өткен айда ғана Ақтөбеден Рая Аманова, Шымкенттен Баян мен Әзиза, Құланнан Айымкүл Мұсаева келіп, тараздық Тамара Егембердиевалармен емен-жарқын кездесу өтіпті.
Өмір бір орында тұрмайды, жастар өсіп аға ұрпақтың орнын басып жатыр. Бүгінде «Қазсушар» Жамбыл филиалының «Қордай» өндірістік бөлімшесін басқарып отырған Мақсұт Ершібұлов та шәкірттерінің бірі. Елу жыл бұрын өзі де осылардай жас болса, енді міне, тәлімгер, ана, әже атанып отыр. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін 2018 жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз қолымен кеудесіне тағып еді. Жалпы, оның«Су патшалығында» қызмет еткен жарты ғасырлық еңбегі сала министрлігінің, облыс, аудан әкімдерінің, мәслихаттардың, «Нұр Отан», «Аманат» партияларының, облыстық ардагерлер кеңесінің нешеме Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен бағаланған.
Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист,
Қордай ауданының Құрметті азаматы