«ЖҰМЫСТЫҢ ЖЕҢІЛІ БОЛМАЙДЫ…»

0

Көшелердің тазалығы мен айналамыздағы жайлылықтың артында күн сайынғы тынымсыз еңбек жатқанын біз көп жағдайда аңғара бермейміз. Көпшілік тұрғындар әлі ұйқыда жатқан кезде ауданның коммуналдық қызметкерлері жұмысқа кірісіп кетеді. Олар қоқыс жинап, жолдарды тазартып, көшелерді ретке келтіреді. Ал осының бәрінің артында қарапайым еңбек адамы тұр. Көбіне еңбегі көзге көріне бермейтін жан. Солардың бірі – Серік ЖЕКЕБЕКОВ.

Ол 20 жылдан астам уақыт бойы Қордай ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық шаруашылық мекемесінде еңбек етіп келеді. Тәжірибелі механизатор техниканы бес саусағындай меңгерген. Жауапкершілігі мол, сенімді маман кез келген істі адал атқарады. Көп жылғы еңбегі арқылы Серік Бақбергенұлы әріптестерінің құрметіне, басшылықтың сеніміне ие болған.

Оның жұмысы оңай емес. Бұл кәсіп білім мен тәжірибені ғана емес, үлкен төзімділік пен табандылықты талап етеді. Қыста ол техникамен қар күреп, жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Көктем мен жазда көшелерді шаң-тозаңнан тазартып, ауылдың көркеюіне үлес қосады.

Біздің кейіпкеріміздің жұмыс күні таңғы үште басталады. Асықпай гаражға келіп, техниканы тексеріп, көлігін оталдырады, дыбысына құлақ түреді. Ол үшін техника жай ғана құрал емес, бүкіл жұмыстың нәтижесіне әсер ететін сенімді серік. Ал таңғы алтыға дейін Қордайдың негізгі көшелері тап-таза болып шыға келеді.

Серік Бақбергенұлы – ауыл көшелеріне су шашып, таңды таза әрі көрікті қарсы алуға себепкер болып жүрген еңбек адамы.

– Барлығы ұйықтап жатқанда жұмыс істеу жеңілдеу, – дейді ол. – Сол уақытта Қордай тым-тырыс күйге енеді, ал сен тәртіпке жалғыз жауапты боласың.

Жұмыстың қиындығы туралы сұрағанда ол қарапайым ғана жауап береді:

– Жұмыстың жеңілі болмайды. Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Ең бастысы – іске жауапкершілікпен және сабырмен қарау.

Ол осы ұстанымды өмір бойы берік ұстанып келеді.

– Мен балаларға да, жас әріптестеріме де үнемі: «Істі бір рет, бірақ сапалы істеу керек. Қайта жасау әрдайым қиын» деп айтып жүремін. Егер білмесең – сұра, үйрен. Нәтиже тек осылай келеді, – дейді ол.

Серік Бақбергенұлы өз ісін адал атқарып қана қоймай, тәжірибесін жас буынға үйретуді де маңызды міндет санайды.

Бір қызығы, техникаға деген қызығушылық олардың отбасында дәстүрге айналған. Қызы да техниканы жақсы түсініп, кейбір ақауларды анықтауға әкесіне көмектеседі.

Мұндай жандар көп жағдайда көзге түсе бермейді. Бірақ күн сайын таза көшеде жүріп, жайлы ортада өмір сүруіміз дәл осындай еңбек адамдарының арқасы.

Сондықтан кейде айналамызға бір сәт көз жүгіртіп, қарапайым көрінетін дүниенің артында үлкен адал еңбек тұрғанын ұмытпаған жөн.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.