ҒАСЫР КУӘГЕРІНІҢ ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ЖОЛЫ

0

Жұдырықтай жүректің ғасыр тоқтамай соғуы адам тағдырының кез-келгеніне жазыла бермейтін бақ. Бүгінде ауданымыздың тұрғыны 101 жастағы Хехез Вансан кейуана тұтас тарихтың шежіресі болып отырған жайы бар.

Редакция тілшілері, ғасыр жасаған әжемен тілдесіп, дидарласуға Масаншы ауылына ат басын тіреген едік. Хехез Вансан – тарихи оқиғалардың тірі куәгері десек артық айтқандық емес. Жалындаған жастық шағы сол кездегі өз замандастары сияқты сұрпыл соғыс жылдарының ауыртпалығын арқалаумен, тылда тынбай еңбек етумен өткен. Ол өткен өмірінің көп бөлігін есіне түсіре де алмады. Мұны кәрілікке балай алмадық, керісінше ауыр тағдырды адам жады ұмытуға тырысатын қасиеттен шығар деп түсіндік. Тек «бақыттымын» деп мейіріммен жымиып қойған әже тылдағы бейнетті ауыр деп емес, «қиындық тудырмады» деп қысқа қайырды. «Сүйегі асыл» жандар ғана осылай айта алады. Сөзі қысқа әженің ұзақ ғұмыр сүру құпиясы – қанағат пен сабырлылық қасиетінде секілді. Үнсіз күлімдеген жанары «Біз қиындық көп көрдік, бірақ мойымадық. Адал еңбек пен таза ниет адамды алға жетелейді» — деп, сыр айтқандай.

Соғыстан кейін, отбасын құрып 9 перзент өмірге алып келген алтын құрсақты ана, бүгінде бала-шағасының жанында, жылы ұяның қазынасы болып отыр. Ұрпағы кеңге жайылған ақжаулықты ананың балалары ақылшысы, немерелері қолқанаты, шөберелері өмірінің жалғасы. Әжесінің әр сөзі – өсиет, жасаған ісі – үлгі. Әр баласы дұғасында. Бес уақыт намазын оқып, отыз күн оразасын қарызсыз өткізіп келеді екен. Бұл жайында кенже ұлы мақтанышпен айтып, сыр бөлісті. Балаларын бірлікте ұстап, мейірімге бөлеп өсіріп, өмірді сүюге шақырып отырған ісі баршаға үлгі, көпке өнеге.

Күн ұясынан шыққаннан тіршілікке кірісіп, таза ауада серуендеп, қара жерге егін егуді дәстүр еткен дүнген ұлтының қай баласының да өмір салты осы. Бұл қозғалыстың көрсеткіші. Ал, жан азығын қалай табамыз? Вансан әже әдетте күлімдеп жүреді. Ешкімге жамандық тілемеу және ренішті ұмыту ғасыр жасаған жүректің басты құпиясы. Үнемі жақсы сөйлеп, айналасына мейірім шуағын төккен әже газет тілшілерін ерекше күйге бөледі. Ғұмыр жасыңыз жүзге жетсін десеңіз, Вансан Хехез әженің өмір сүру салтынан ғибрат алыңыз. Адамзат ғаламшарын мейірім мен адамгершілік ұстап тұрғаны даусыз.

Карима АХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.