Халықта «әдемі қартаю» деген ұғым бар. Әрине, уақыт алдында қай адам да қайқарсыз, жыл өткен сайын жасың ұлғая береді. Бірақ, ел ағасы болған шақта ұрпаққа үлгі болып, күш-қуаты әлі сейіле оймаған жандар болады. Аузы дуалы, жөні түзу, жан-жақты дамыған, істеген ісі елге үлгі, шапағаты айналасындағыларға нұр шашқан адамдардың өмірін әдемі кәрілік деуге келеді.
Журналистік жолымыз түсіп, Қарасай ауылдық округіне қарасты, Еңбек ауылына бардық. Онда, өмірін адал еңбекке арнаған ҚҰРМАНҒАЗЫ ЖЕТІГЕНОВТЫҢ қара шаңырағында болып, өмір жолымен танысу сәті бұйырды.
Еңбек ардагері 1997 жылы 40 түп алмұрт және 20 түп алма ағашын отырғызып үздіксіз еңбектің нәтижесін бірнеше жыл ішінде көрді. Жасы 30-дан асқан ағаштардың бүгінгі күнге дейін жеміс беруі, табиғат ананың мейірімділігін ұғындырады.
Құрманғазы Қалықбайұлы – 1957 жылы Еңбек ауылында туған. Ол өз өмірінде көрген, естігендерімен есте мәңгі қалған ауыл тіршілігін халыққа жеткізуге тырысады. Жеміс ағаштары мен ауыл тіршілігіне деген махаббаты, оның алысты болжайтын, алдағы күндерге сеніммен қарайтынын білдіреді.
«1997 жылы отырғызған ағаштардың жемісін жинау науқаны кезінде 4 тонна алмұрт, 1,5 тонна алма алудамыз», — дейді ардагер мақтанышпен. Ағаштарына қамқор болу үшін уақыт пен тәртіп керек, ал оның тәжірибесі жастарға үлгі.
Жайқалған бақша, ауылдың табысынан бөлек, тұрғындардың жұмысқа деген ынта-жігерінің белгісі. Құрманғазы Жетігенов сияқты адамдардың тарихи тәжірибесі, еңбекқорлықтарының арқасында ауылдың байлығын арттырып, келер ұрпаққа үлгі ретінде өнеге болып қалыптасуда.
Сонымен қатар, спортқа деген ынтасы мен ықыласының арқасында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда үлкен рөл атқаруда. 14 жасында үстел теннисінен шұғылдана бастаған ол, уақыт өте келе карате спортымен де айналысуды ұйғарды. Уақытында Бішкек қаласы және Свердлов ауданының чемпионы атанып, каратэден «қара белбеу» иегері дәрежесіне жетті.
Қазіргі таңда ардагер жаттықтырушы Қарасай ауылдық спорттық сауықтыру кешенінде жасөспірімдерге үстел теннисінен дәріс беруде. Оның шәкірттері облыстық және республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп, жеңісті нәтижелерге жетуде.
Құрманғазы Жетігенов – спортшы ғана емес, жастарға үлгі болатын тәлімгер, салауатты өмір салтын насихаттаушы және туған жерінің мақтанышы.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ