2025 ЖЫЛҒЫ ҚАҢТАР-ЖЕЛТОҚСАН АЙЛАРЫНДАҒЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕБІ

0

Қордай аудандық Қоғамдық кеңесі Қазақстан Республикасы Қоғамдық кеңес туралы заңы мен Қазақстан Рес-публикасы үкіметінің 2015 жыл 31 желтоқсандағы № 1194 Қаулысымен бекітілген қоғамдық кеңестің үлгі Ережесі негізінде өз қызметі мен өкілеттігін іске асыруда.

Қоғамдық кеңес өкілеттілігі кеңес төралқасы, комиссиялар, жұмыс тобы және әрбір мүшенің қызметі негізінде атқарылады. Кеңес төралқасы 3 комиссияның қызметін басқарады, жоспарға енгізілген сұрақтар бойынша отырыстар және кеңес жұмысының ақпараттық қолдауын ұйымдастырады.

Кеңестің құрамындағы жастардың үлесі 11,0% (1 адам) құрайды. Мүшелері ауданда өткізіліп отырған жиындар мен жиналыстарға, аудандық жұмыс комиссиялары мен топтарының іс әрекеттеріне белсенді түрде атсалысып келеді.

2025 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, үстіміздегі жылдың 12 айында 10 отырыс өткізіліп, барлығы 25 мәселе қаралып, шешімдер шығарылып, ұсынымдар берілді, жобаларды қарау кезінде заңнамалық мерзімдер сақталды.

Үстіміздегі жылдың 18 ақпанында өткен бірінші отырысында аудандық Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы, хатшысы сайланып және аудандық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы таныстырылды. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестің Ережесі бекітілді.

Екінші отырысы 21 ақпанда өткізіліп, онда 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған іс-жоспары бекітіліп, кеңес мүшелеріне нақты тапсырмалар берілді.

Келесі үшінші отырысы 27 наурызда өткізілді, бұл отырыста 5 мәселе қаралды. Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа көрсетіп жатқан қызмет сапасын зерделеу жұмыстарының нәтижесі қаралды. Екінші мәселесі — жергілікті полиция қызметінің аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстары қаралып, нақты ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізу, тұрғындар арасында лудомания және алаяқтық қылмыстары, ҚР азаматтарының аудан аумағында заңсыз жолаушыларды тасымалдау фактілерінің алдын алу, анықтау бойынша түсіндіру және рейдтік шараларды ұйымдастыру, нашақорлық және есірткі қылмыстарының алдын алу және түсіндіру бойынша жергілікті полиция қызметімен рейдтік шараларды ұйымдастыру және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қылмыстық құқықбұзушылық жөнінде бейнеролик, ақпарат жариялау ұсынылды.

Үшінші мәселе — ауыл шаруашылығы және көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды, бұл мәселе бойынша сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.

Төртінші мәселе бойынша Масаншы ауылдық округі әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша жұмыстарының есебі тыңдалып, мемлекеттік қызмет көрсету саласында мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің сақталуын қатаң бақылауға алу тапсырылды.

Бесінші мәселе – халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстарды зерделеудің нәтижесі қаралып, халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы шекті мөлшерден асып кетпеуін бақылауды Қордай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлім басшысы А.Алимхожаевқа тапсырылды.

Төртінші отырыс 23 сәуірде өткізіліп, күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Бірінші мәселе – ауданның әлеуметтік және сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша атқарылған жұмыстары туралы. Отырыс барысында кеңес мүшелері тарапынан өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, режимдік сипаттағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылушылығын болдырмауды үнемі бақылауға алынуды, ауданда өрт оқиғаларын болдырмау мақсатында үгіт – насихат және алдын алу бойынша жұмыстарды жандандырып, атқарылған істер бойынша газет бетінде мақалалар жариялану ұсынылды.

Екінші мәселесі бойынша Қордай ауданы Қаракемер ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының батыр жауынгері Әбіл Нүсіпбаевты Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесі қаралды. Қаралған мәселелер бойынша аудандық Қоғамдық кеңес ұсыныстар беріп, нақты шешімдер қабылдады.

Мамыр айының соңында бесінші отырыс өткізілді. Атап айтқанда, аудандағы мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша атқарылған жұмыстары қаралып, ұсыныстар берілді, онда аудандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын қадағалау, бейнекамера жеткіліксіз балабақшалардың тізімін жасауды және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында дәрі-дәрмектерді мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша аудандық немесе облыстық деңгейде орталықтандырып, тиімді шара қабылдау туралы және мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жылу жүйелерін газға қосу мәселесін шешу және ата-аналардың төлейтін жарналарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарай отырып, аталған мәселенің шешу жолдарын қарастыру үшін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс енгізу, хат, өтініш жолдау тапсырылды.

Кезекті алтыншы отырыс 23 маусымда өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – қазіргі таңда аудан шаруалары үшін ерекше маңызға ие аудандағы су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы ұйымдарын сумен қамтамасыз ету туралы өзекті мәселе қаралды.

Отырыс барысында кеңес мүшелерінің тарапынан «Қазсушар» мен аудан шаруалары арасындағы келісімшарт мәселелері және басқа да өзекті жағдайларға қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Өз кезегінде РМК «Қазсушар» ЖФ «Қордай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершібұлов қазіргі таңда Қырғыз Республикасынан келетін су көлемі келісімге сай емес екенін атап өтті. Осыған байланысты шалғай ауылдарда су тапшылығы сезіле бастаған. Сонымен қатар, кеңес мүшелері өз кезегінде кейбір шаруалар өз жерінен құдық бұрғылап, ауыз суды пайдаланып жатқанын сынға алды. Бұл құдықтардан алынатын су негізінен ауыз су болғандықтан, мұндай жағдай жалғаса берсе, болашақта аудан бойынша ауыз су тапшылығы туындауы мүмкіндігі атап көрсетілді.

Кеңестегі екінші мәселе – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды зерделеу қорытындысы қаралып, бірқатар кемшіліктер де назарға алынды. Отырыс барысында қаралған үшінші мәселе – Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің 2025 жылға арналған, сондай-ақ 2024 жылдың өтпелі құрылыстарының жүзеге асырылу барысы мен сапасы, көрсетілген мемлекеттік қызметтердің мерзімдері және түскен арыз-шағымдар туралы болды. Қазіргі таңда, аудан бойынша бірқатар ауылдық округтерде құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. Зерделеу қорытындысы көрсеткендей, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, бөлім тарапынан кеткен кемшіліктер де бар. Оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Жиын соңында төртінші мәселе Қоғамдық кеңестің 2025 жылдың ІІ-жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітіліп, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім жобасы көпшілік талқысына ұсынылып, қабылданды.

Тамыз айында кезекті жетінші отырысы өтті. Отырыста үш мәселе қаралды, бірінші мәселе «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы», отырыс нәтижесінде бірқатар ұсынымдар берілді.

Келесі мәселе «Аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің 2025 жылдың 7 айдағы бөліммен көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша атқарған жұмыстары туралы» нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету ұсынылды. Содан соң, үшінші мәселе «Қордай ауылдық округі әкімінің әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында 2025 жылдың 7 айдағы атқарылған жұмыстары мен көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша есебі» тыңдалды.

Сегізінші отырыс 23 қыркүйекте өткізіліп, күн тәртібінде бір мәселе Жамбыл облысы электр жүйесі ЖШС «Қордай АЭЖ», «Қазақтелеком» Қордай ауданы бойынша сату бөлімі, Қордай газ шаруашылықтарының 2025 жылға бекітілген тарифтері бойынша ақпараттары және атқарылған жұмыстары қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Үстіміздегі жылдың қазан айында ауданда үйлесімді қоғамдық қатынастарды дамыту, елімізде тұратын барлық этностар арасында қазақ халқының тілін, тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын танымал етуге ықпал жасау жөніндегі атқарылған жұмыстары және ауданда абаттандыру, санитарлық – тазалық жұмыстарының орындалуы қаралды. Бұл ретте, «Таза Қазақстан» республикалық акция бағдарламасына сәйкес аудан елді мекендердегі абаттандыру және тағы да басқаларды іске асыру тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысына ұсынылды.

Сонымен қатар осы отырыста, аудан әкімінің өкіміне және Жамбыл облысының прокурорының хатына сәйкес Құқықбұзушылықтың алдын алу, оған қоғамды кеңінен тарту және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы туралы мәселелер қаралып, Жамбыл білім басқармасына қарасты, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы С.Аширбековке, аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Р.Өскенбаевқа бірқатар ұсыныстар берілді.

Келесі отырыс қараша айында жалғасын тапты. Атап айтқанда, аудандағы жастар ресурстық орталығының жүргізіліп жатқан жұмыстары қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Олар, NEET санатындағы жастардың тізімін «Отбасының цифрлық картасы» деректер базасымен сәйкестендіріп жаңарту, бұл санаттағы жастармен жұмысты күшейту, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту бағытында «Жастар тәжірибесі», «Бастау Бизнес» жобалары бойынша ауылдық округтерде ақпараттық-түсіндіру шараларын кеңейту, әскери-патриоттық тәрбие бағытында өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан ауылдық округтерде (Масаншы, Сортөбе, Сарыбұлақ және т.б.) әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстарды жандандыру, ауыл әкімдері мен білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, жастар арасында патриоттық тәрбие бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу ұсынылды.

Екінші мәселе аудандағы мемлекеттік кіріс басқармасының кіріс көздерін еcепке алу мониторингі және жоспарлы кірістің орындалуы зерделеніп, отырыс нәтжесінде бірқатар ұсыныстар берілді.

Үстіміздегі жылдың 16 мамыр күні ауданға Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің аграрлық саясат жөніндегі комиссия төрағасы А.Карентаев бастаған топ келіп, ауданның ауылшаруашылығы жағдайымен танысты. Облыстық Қоғамдық кеңес құрамында 4 адамды аудан әкімінің орынбасары Ж.Бақаев қабылдады.

Онда салаға қатысты бөлім басшылары бірге болды, Қордай ауданы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі – Ғ.Оспанов, Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі – Ғ.Сейдекеш, Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринария қызметі» бөлімі – А.Мәрсінбай өз жұмыстары туралы ақпарат берді. Соңында «Эко Чикен» ЖШС-нің басшысы Т.Сәрсенбаевтың құс өсіру кооперативімен танысты.

Сонымен қатар, 23 маусым күні Қордай ауданына Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Д.Бықыбаев бастаған топ «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясы аясында «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясын облыстың барлық аудандарында жоспарға сәйкес жүргізу мақсатында түске дейін «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімі мен «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі қызметкерлерімен зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Тамыздың 28 күні Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің Төралқа мүшесі А.Төлебаев, мүшелері С.Сейітбеков, Е.Рымқұлов аудан әкімінің орынбасарлары Б.Сахатов, Ж.Бақаевпен кездесіп, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің жұмыстарына қоғамдық мониторинг жүргізді.

Жадынама аясында, кәсібін дамытуды көздеген азаматтар қабылдауға келіп, олардың түрлі мәселелері тыңдалды.

Қабылдауға келген кәсіпкер азаматтар кәсібін кеңейтуді мақсат еткендер қосымша қолдау, әкімшілік кедергілерді жою бойынша сауалдарына жауап алды.

Әрмен қарай, облыстық Қоғамдық кеңес делегациясы аудандағы кәсіпкерлік қызметтің нақты жағдайын бағалау мақсатында бірқатар нысандарды аралап келіп, аудандық Қоғамдық кеңестің тамыз айында жоспарланған кезекті отырысына қатысты.

Қыркүйек айының 16-17 күндері облыстық Қоғамдық кеңесінің Төралқа мүшесі А.Төлебаев, кеңес мүшесі Р.Ағыбаев және облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары О.Көкей бастаған азаматтар ауданның ветеринария бөліміне кезекті қоғамдық мониторинг жүргізді. Жұмыс барысында аудан әкімі Бегзат Болатбековпен кездесіп, көтерілген сұрақтар төңірегінде сөз қозғап, аудан басшысына туындаған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі Қордай ауданы бойынша ветеринария саласында қолға алынып жатқан шаралар турасында сөз етіп, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстарды назарға алатынын ескертті. Әрмен қарай, облыстық Қоғамдық кеңес делегациясы аудандағы ветеринария саласындағы нақты жағдайын бағалау мақсатында бірқатар нысандарды аралады.

Сонымен қатар, азаматтарды қабылдауда Қордай ауылының тұрғындары және ветеринария мамандары болды. Қоғамдық қабылдау барысында ветеринария саласына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті сұрақтар көтеріліп, кеңес делегациясы оларға тиісті түсіндірмелер берді.

Қоғамдық мониторингтің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, 2025 жылғы 25 қыркүйек күні Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы және кеңес мүшелері Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты Сортөбе ауылдық ауруханасына қоғамдық бақылау жүргізді.

Мониторинг барысында аурухана басшысы Т.Апаева кеңес мүшелеріне жаңа медициналық мекеменің мүмкіндіктері мен мемлекеттік қызмет көрсетуге дайындығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, аурухана іске қосылған сәттен бастап тұрғындарға сапалы, қолжетімді және толыққанды медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалынғанын жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелері мекеменің жағдайына оң баға беріп, құрылыс сапасы, құрал-жабдықтардың жарақтандырылуы мен ішкі инфрақұрылымның стандартқа сәйкестігін атап өтті.

Ағымдағы жылдың 26 қырүйегінде облыстық Қоғамдық кеңестің комиссия төрайымы Сұлушаш Құрманбекова Қордай ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбаймен кездесіп, дене шынықтыру және спорт саласының даму барысымен танысты. Аудандық Қоғамдық кеңес төрағасымен бірге олар бірқатар спорт нысандарын аралап, жаттықтырушылармен және жауапты мамандармен кездесті.

Қоғамдық кеңес мүшелері өз тарапынан бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда, спорт нысандарының аумақтарын абаттандыру, балалар мен жасөспірімдердің спортпен қамтылу деңгейін арттыру, жаттықтырушылардың біліктілігін жетілдіру сынды мәселелер назарға алынды.

Сонымен қатар, аудандық Қоғамдық кеңес облыстық мәслихат депутаты Т.Сәрсенбаев, аудандық мәслихат депутаты К.Дургаловамен бірге «Қайнар» ауылының жолын жөндеу жұмыстары бойынша қоғамдық тыңдау жүргізілді.

Қоғамдық кеңес қарауына ұсынылған нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қарау бойынша 27 құжат тапсырылды, олар Қордай аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне – 4, Қордай ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне – 10, Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне – 2, Қордай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінен -2, Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне -1, аудандық мәслихатқа – 4, аудан әкімдігіне – 3, ауылдық округіне -1 ұсынымдар берілді.

Қоғамдық кеңестің қарауына жеке тұлғалардан келіп түскен арыз–шағымдары қаралып, өтініштері қанағаттандырылды.

Аудандық Қоғамдық кеңес атқарылған жұмыстары туралы аудандық қоғамдық – саяси «Қордай шамшырағы — Кордайский маяк» газетіне 14 мақала жарияланды.

Сонымен қатар, республикалық «KazKenes», Қордай аудандық мәслихатының сайттарында, Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің Фейсбук және Инстаграм парақшаларында жарияланды.

Нұржан МОЛДАБЕКОВ, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.