«Ұстаз болу өз уақытынды аямай, өзгенің бақытын аялау» — деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бүгінгі еңбек адамы айдарында уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етіп, қоғамға өз үлесін қосып келе жатқан ұстаздардың бірі де, бірегейі қибеков мұрат байжанұлы туралы өрбімек.
Мұрат Байжанұлы 1965 жылы желтоқсан айының 9-ы күні Қордай ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. Ер жетіп, әскери міндетін өтегесін, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің тарих факультетін 1994 жылы бітіріп, №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектепте тарих және қоғамтану пәндерінен ұстаздық қызмет атқарып келеді. Мұрат ағай талантты, өз мамандығын жете меңгерген, тек өз мектебі ғана емес, аудан, облыс деңгейіндегі қызметтестері алдында ерекше беделге ие жан, неше жылғы жинаған тәжірибесін тәлімгер және ақылшы аға ретінде кейінгі жастарға жеткізуден ешқашан жалыққан емес. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беру саласындағы қажырлы еңбегі бағаланып бірнеше рет аудандық, облыстық, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, шәкірттері де жылда түрлі байқаулар мен пән олимпиадаларынан жүлделі орындар иеленеді, оның дәлелі биылғы оқу жылында 10-сынып оқушысы Қамажай Байжан «Менің кіші Отаным» облыстық байқаудан жүлделі I орын, республикадан сертификатпен марапатталды. Көп жылғы еңбектің жемісі мен жеңісін көру — бір ғанибет. Өзі білім берген шәкірттері еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп отыр. Атап айтсақ: Дамира Сүгірбай мен Жұлдызбек Бақаев – Қордай ауданының әкімінің орынбасарлары, Әділет Қаспақбаев – Қордай ауылдық округінің әкімі, Куантар Әлиханов – ветеринария ғылымдарының докторы, Айбек Орынбаев, Самат Сүйеухан – кәсіпкер, Айнұр Құрманалиева – филология ғылымдарының докторы, Толқын Сейдолла – журналист, продюсер, Ләйлә Сүлейменова – аудандық орталық ауруханада дәрігер, Ақберген Мулкеманов – Байзақ ауданының прокуроры, Бекжан Тыныбаев – Қордай ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы орынбасары, Рауан Соганбаев – ізін жалғаушы ұстаз т.б. Мұрат ағай қазақтың нағыз «сегіз қырлы бір сырлы» жан-жақты азаматы, ол тек ұстаз болып қана қоймай, продюсер Толқын Сейдоллақызының «Өгей шешенің қорлығы», «Құлдықта өткен өмір» фильмдерінде басты рөлді шебер сомдаған тұлға. Өз бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты: ардақты әке, адал жар, сыйлы құда, Қаракемер ауылының ардақты азаматы 35 жылдан астам еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз Мұрат Байжанұлы адам өмірінің айтулы белесі — 60 жасқа толып отыр. Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел – қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне аудан тарихшылары атынан тілектестік білдіреміз. Өмір көшінің алдыңғы сабында ақылшымыз болып жарқырап жүре беріңіз! Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
К.АБДЫКАЛЫКОВА, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі