«ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА, ТӨБЕДЕГІ КЕЛЕДІ»

0

Қордай аудандық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Халқы Ассамблеясының аудандық деңгейдегі отырысы өтті. Бұл шараның басты мақсаты – этносаралық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, тұрғындар арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыру.

Сондай-ақ, ауыл-аймақтарда әр түрлі ұлт өкілдері арасындағы ауызбіршілік, ауылдың тазалығы, жастар арасындағы қылмыстың алдын-алу бойынша жұмысты жандандырып, қоғаммен жан-жақты байланысты нығайтуды көздейді.

Жиында, ауданның әр түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, этномәдени бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ, аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бас қосып, Ассамблеяның алдағы жұмыс жоспарлары қалыптастырылды.

Шараны аудандық ҚХА төрағасы, аудан әкімі Бегзат Болатбеков ашып берді.

«Құрметті Ассамблея мүшелері, жиынға қатысушылар! Бүгін біз Қордай ауданындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары ауданымызда құзырлы органдармен бірлесе жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, ағымдағы жылдың 11 айында өткен жылмен салыстырғанда криминогендік жағдайдың жоғарылау тенденциясы байқалды», — деген аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға кезек берді.

Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтай, «Отечество» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко, «Азери» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Хаджибала Абдуллаев, «Ахыска» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Камила Дургалова, Жамбыл облыстық «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Айша Идыбо баяндама жасады.

Ауданның этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері өз сөздерінде тұрғындардың ынтымақтастығын нығайту туралы айтты. Мысалы, «Отечество» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко:

«Біз, әр ұлттың мәдениетін құрметтеу арқылы, бірлік пен келісімге қол жеткізуіміз керек. Этномәдени бірлестіктердің рөлі – жастарды тәрбиелеу мен оларды дәстүрлерге баулу», — деді.

Осыдан кейін аудандық ҚХА төрағасының орынбасары Біржан Әлімбетке сөз кезегі ұсынылды. Ол өз сөзінде, қоғамымыздың береке-бірлігін сақтап, бірлікте болуымыз қажеттілігін алға тартып, аудандық ҚХА жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі төрағалары мен кеңес мүшелері құрамын ұсынды.

Өз кезегінде, аудан басшысы кеңес құрамын мұқият саралап, қабылданатын азаматтардың өз орталарында, халық арасында беделді, сыйлы болуының маңыздылығын атап өтті.

«Ауруын жасырған өледі» деген халқымызда тәмсіл бар, «Бізде бәрі тамаша» деп отыра бергеннен ұтылмасақ, ұтпаймыз. Дана халқымыз қашан да ынтымақ, бірлік мәселесіне ерекше мән беріп, оны өмірдің өзегі ретінде бағалап келген. Татулық бар жерде, елдің алмайтын асуы жоқ. Кез-келген мәселеде заң нормаларына сүйенуіміз керек», — деп атап өткен Бегзат Сейсенқұлұлы Кеңес мүшелері мен ауылдық округ әкімдеріне өзекті проблемалар туындаған жағдайда оны жасырмай, бірлесе шешу қажеттігін қатаң түрде ескертті.

Аудандық ҚХА мүшелері алдағы жоспарларын пысықтап, этносаралық келісімді сақтау мен нығайту шараларын бірлесіп атқару жөнінде шешім қабылдады.

Қордай ауданындағы ҚХА мүшелері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен шаралар халықтың бірлігін, ынтымақтастығын арттыруға бағытталғанын көрсетеді. Кеңесте қабылданған шешімдер мен ұсыныстар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.