Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызына ерекше назар аударды. Президенттің атап өткеніндей, еліміздегі қаржылық жағдайды жақсартудың басты жолы халықтың қаржылық білімін көтеру болып табылады. Бұл тек халықтың мойнындағы қарызды азайту үшін ғана емес, сонымен қатар азаматтардың табысын тұрақты ету үшін де қажет.
Қаржылық сауаттылықтың артуы – азаматтардың өздерінің қаржыларын тиімді басқаруына, өздерінің кірістерін дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді. Көптеген отандастарымыз қаржыны қалай басқару тиіс екенін, несиені қалай тиімді пайдалануды білмейді. Сондықтан, азаматтарға қаржылық сауаттылықты арттыру, оларды тиімді қаржылық шешімдер қабылдауға үйрету өте маңызды.
Мемлекет басшысы аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды. Бұл жобаның мақсаты – азаматтар арасында қаржылық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ борыштық жүктемені азайту болып табылады.
Аталмыш жоба аясында Қордай ауданы бойынша шекара басқармасында, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен жиын өтті. Шараға «Қарызсыз қоғам» жобасының Жамбыл облысы бойынша жетекшісі Алтынай Молдашева, партияның аудандық филиалының консультанты Құралай Ағыбаева, Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары Жандос Байтұров, офицерлер, келісім-шарт бойынша қызмет ететін әскерилер және жас сарбаздар қатысты.
Алтынай Боранбайқызы өз баяндамасында қаржылық сауаттылықтың маңыздылығына тоқталып, «Қаржылық тұрғыда сауатты болу – бұл әр адамға қажетті құрал» деді. Ол жиын қатысушыларына қаржыны басқарудың негізгі принциптерін түсіндіре отырып, әр адамның өз қаржылық жағдайын жетілдіру мүмкіндіктері бар екенін айтты.
Жиын барысында, қатысушылар спикерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты.
Осыдан кейін, «Қарызсыз Қоғам» жобасы аясында партияның аудандық филиалының мәжіліс залында «Халықтың қарыз жүктемесін төмендетудің құралы ретінде қаржылық сауаттылық: тиімді тәсілдер мен заманауи сын-тегеуріндер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға қаржы саласына жауапты мамандар, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, полиция, прокуратура өкілдері, аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының мамандары, сондай-ақ бастауыш партия ұйымының төрағалары қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – азаматтардың шамадан тыс қарыз жүктемесінің негізгі мәселелерін талқылау, қаржылық сауаттылықтың төмен деңгейінің себептерін анықтау және қарыздың өсуіне жол бермеуге бағытталған практикалық ұсыныстар кешенін әзірлеу.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар қаржылық сауаттылықтың қалай қалыптасатынын, оның әлеуметке тигізетін әсерін және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын талқылады.
«Бүгінде азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадам. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды шамадан тыс қарыздардан қорғау, оларға өздерінің қаржылық жағдайларын тиімді басқаруды үйрету. Аталған жобаның аясында көптеген семинарлар, тренингтер өткізіліп, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған түрлі шаралар қолға алынуда. Біз әр азаматтың өз қаржысын дұрыс жоспарлап, несие алуда жауапкершілікпен қарауы үшін оларға бірлесіп қолдау көрсету керекпіз», — деген Алтынай Боранбайқызы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында әлеуметтік жауапкершілікті күшейту үшін жергілікті билік пен қоғам белсенділерінің тығыз ынтымақтастығы қажет екендігін баса айтты.
«Қаржылық сауаттылықтың төмендігі – қоғамның көптеген проблемаларының негізі. Біз қадағалаушы орган ретінде азаматтардың құқықтарын қорғап, олардың қарызға батуына жол бермеу үшін шаралар қабылдап келеміз. Аталған дөңгелек үстел – осындай мәселелерді талқылау үшін тамаша мүмкіндік», дейді аудандық прокуратураның аға прокуроры Бекболат Болатұлы.
Мемлекет басшысының реформалары мен «AMANAT» партиясының бастамалары азаматтарды қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеп, экономикалық жағдайларын жақсартуға бағытталып отыр. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде, еліміздегі қаржылық сауаттылықтың артуы, азаматтардың әл-ауқатының көтерілуіне, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына және «қарызсыз қоғам» құруға ықпал етпек.
Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақтармен де кеңес ала алады. Сондай-ақ, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ