«Махаббат» халықтық би ансамблі үшін биылғы жыл табысты да тағылымды жетістіктермен есте қалды. Ұжым жыл бойы түрлі деңгейдегі фестивальдер мен байқауларға қатысып, өнердің биік талабынан көріне білді. Ансамбльдің бұған дейінгі жетістіктері жөнінде газет бетінде жазған едік, жуырда тағы бірқатар жеңісті жаңалықтармен қуантты.
2025 жылдың қараша айында Орал қаласында өткен «Танцы без границ» атты хореографиялық ұжымдардың республикалық фестиваліне қатысқан «Махаббат» би ансамблінің жас бишілері сахнада жоғары шеберлік танытып, жүлделі орындарды олжалады. Атап айтқанда Б.Бөлтірікова атындағы №4 мектеп лицейдің оқушылары Жанель Сәрсенбай мен Раяна Мұратова, сондай-ақ «Білім дос» жекеменшік мектебінің оқушысы Дарина Майрамбекова өз номинацияларында І орынды иеленіп, аудан абыройын асқақтатты.
– Біз үшін мұндай өнер додалары өз деңгейімізді бағамдауға, тәжірибе алмасуға әрі жаңа шығармашылық ізденістерге шабыт алуға үлкен мүмкіндік. Шәкірттеріміз сахнада сенімді әріжинақы өнер көрсете білді, — дейді ансамбль жетекшісі, ұстаз Махаббат Баденова.
Желтоқсан айында Қырғызстан Республикасының Талас облысында өткен «Айкөл» академиясының 5 жылдық мерейтойлық шарасы да ұжым үшін мән-маңызы зор оқиға болды. Аталмыш мерейтойға Махаббат Баденова арнайы шақырылып, қадірлі қонақ атанды. Ал «Махаббат» би ансамблінің бишілері халықаралық деңгейдегі сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар классикалық би мен балет өнерінің майталманы Махаббат Баденовадан тәлім алатын «Махаббат» би ансамблі жанындағы «Грация» би тобы жуырда Алматы қаласында өткен «Жаңарған Қазақстан» халықаралық өнер-білім байқауында ерекше табысқа жетті. Хореография номинациясы бойынша лауреат атанды. «Қарлығаш» және «Королевские пингвины» билері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, қос бірдей бас жүлде қанжығалады. Ал шәкірттерінің үздік нәтижесі үшін Махаббат Баденова «Үздік жетекші» дипломымен марапатталды.
Бұл жетістіктердің барлығында «Махаббат» халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Зияш Жазықбаеваның еңбегі мен қолдауы айрықша. Ұжымның шығармашылық бағытын айқындап, ұлттық би өнерін жаңаша өрнектеуге жол ашқан да – осы кісінің бастамасы. Ұлттық биімізді ұлықтап, жас буынның жүрегіне өнерге деген сүйіспеншілік дарытып жүрген «Махаббат» ансамблінің алар асуы әлі алда деп білеміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ