ҚАЗАҚ ТІЛІ – ӘНҰРАНЫМ, ҺӘМ ҚҰРАЛЫМ!

0

Қазақ тілі – менің жүрегімнің үні, бабамнан қалған мұра. Өмір жолымдағы ең сенімді серігім. Ол мен үшін қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық болмысымды айқындайтын негіз, елдігімнің белгісі болған — әнұран іспетті. Тіл арқылы мен ата-бабамның тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымын танимын, бойға сіңіремін. Оның әрбір сөзі терең мағынаға толы, әрбір мақал – мәтелі өмірілік тәжірибеден туған даналыққа негізделген асыл қазына. Осы тұсты «тіл — ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» деген бір ауыз сөзбен ойымды толықтырғым келеді. Қазақ тілі – менің басты құралым. Ол арқылы мен білім аламын, ойымды жеткіземін, арман-мақсаттарымды айқындаймын. Дәл қазіргі таңда қоғамда өз орныңды табу, елге қызмет ету, мәдениет пен ғылымды дамыту жолында ана тілімнің орны өте қарқынды түрде белең алуда. Бұл қазақ тілінің — болашаққа апарар алтын көпір екендігінің айқын дәлелі. Қазақ тілін құрметтеу – Отанды құрметтеу. Ана тілінің мәртебесін көтеру әрбір азаматтың парызы. Тілді сақтау, дамыту және келер ұрпаққа аманат ету – біздің ортақ міндетіміз. Өйткені тіл бар жерде – ұлт бар, рух бар, болашақ бар!

Жібек АДАЕВА, «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.