ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ ҚАРАЛДЫ

0

«AMANAT» партиясының аудандық филиалының мәжіліс залында Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа Қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мекеме басшылары мен жауапты сала өкілдері қатысып, аудан тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, олардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар болды. Ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары мен аудан әкімдігі жанындағы комиссия хатшысының атқарған жұмыстары сараланып, профилактикалық шаралардың тиімділігіне баға берілді. Кеңес мүшелері балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту және білім беру ұйымдарымен өзара байланысты арттыру бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Аталмыш сұрақ аясында «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері» жөніндегі комиссия мүшесі Жаңабай Орақбай баяндама жасап, онда көтерілгнен кйбір мәселелер бойынша аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Алина Почуева жауап берді.

Кеңес отырысындағы екінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес Қарасай ауылдық округінде 2025-2026 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды. Округ әкімдігі тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы, халықпен кері байланыс, инфрақұрылым, санитарлық тазалық және әлеуметтік мәселелер бойынша жүргізілген жұмыстар зерделеніп, бірқатар ұсыныстар мен ескертулер берілді. Ол турасында «Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері» жөніндегі комиссия төрайымы Айнұр Алматаева баяндама жасады.

Сонымен қатар, әртүрлі мәселелер бойынша көтерген өзге де сұрақтар талқыланып, оларды шешу жолдары айқындалды.

Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес тарапынан жауапты мекемелерге нақты ұсынымдар беріліп, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.