Қазыналы қарияларды құрметтеу кейінгі ұрпақтың парызы екендігі рас. Біз, редакция тілшілері, 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ауданымыздағы ең қарт аналардың бірі, Кенен ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысындағы тыл еңбеккері, 96 жастағы Зәуре Әдимолдаева туралы толғансақ.
Зәуре әжейдің өмірі – қайсарлық пен төзімділіктің, еңбек пен адалдықтың жарқын үлгісі. Ол 1930 жылы Ақтерек ауылында дүниеге келген. Айтуынша, 1948 жылы Сұлутөр ауылының азаматына тұрмысқа шықты. Келін ретінде, оның басты міндеті – үй шаруасын меңгеру, отбасының шырағын сөндірмеу болды.
Зәуре Қалыққызы 1955-1963 жылдар аралығында Сұлутөр ауылындағы балабақша меңгерушісі болып, балалардың тәрбиесі мен дамуына зор үлес қосты.
1963 жылы жаңа өмірге қадам басып, Қасық ауылына көшеді. Бұл жерде 1968-1973 жылдары совхозда асхана меңгерушісі қызметін атқарып, тамақтану мәселелерін ұйымдастырып, жұмысшылардың жақсы тамақтануына жағдай жасайды. Зәуре әженің асханадағы қызметі – тәжірибесі мен біліміне негізделген. Ол тамақтану мәселесіне ерекше мән беріп, дәмді әрі пайдалы тағамдардың дайындалуына жауапкершілікпен қарады. 1973 жылы Кенен ауылына көшкеннен кейін Зәуре Әдимолдаева үй шаруасымен шұғылдана бастайды.
Маңдай тер, адал еңбегінің арқасында құрметке бөленген қарт ана бүгінде бүгінде 6 ұл мен 4 қыздан тараған немере мен шөберенің қызығын көруде.
Кешегі қиын-қыстау уақытта еңбекке ерте араласқан ананың ендігі арманы – елдің тыныштығы, балаларының саулығы.
Зәуре әженің өмірі – елдің тарихымен, мәдениетімен тікелей байланысты. Ол талай қиындықты көріп, әртүрлі кезеңдерді бастан өткерді. Соғыс жылдарынан кейінгі ауыр өмір, қиыншылықтар оған тұрақтылық пен төзімділік қасиеттерін дарытты. Ол қиындықтарға мойымай, әрқашан алға ұмтылды.
Жалпы, Зәуре әжейдің өмірі әрбір адам үшін өнегелік сабақ. Оның адал еңбегі, өз ұрпағына сіңірген тәрбиесі мен білімінің нәтижесі бүгінде өз жемісін беріп отыр.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ