Қордай ауданында жас оқырмандардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған «Оқуға құштар жүректер» облыстық байқауының аудандық кезеңі жоғары деңгейде өтті.
Байқауды Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты жасөспірімдер және балалар кітапханасы ұйымдастырды.
Аталған байқау қазақ халқының ұлы ағартушысы, балалар әдебиетінің негізін қалаушы, тұңғыш зайырлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына және педагог, журналист, лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналды.
Байқау 3 кезеңнен тұрды.Оған 13 оқушы қатысып, өз білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасының құрамында Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Жанат Тұрлығұлова, аталған кітапхананың инновациялық-әдістемелік жұмыс жөніндегі бөлім әдіскері Гүлназ Аманкелдиева және Қордай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлдана Сатқали болды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені №43 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Балзира Серік жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алды. І орын №25 Санжар Асфендияров атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Балнұр Қоңыратбайға бұйырды. ІІ орынды Шерхан Мұртаза атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Ақнұр Сәрсенбай иеленді. Ал ІІІ орынды №26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Бекзат Идирис жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтар табысталды. Байқау жас оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға зор мүмкіндік берді.
Дилназ БАЯНБАЕВА, Қордай ауданды орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты жасөспірімдер мен балалар кітапханасының әдіскері