Қордай ауданының тумасы, Жаңатұрмыс ауылының перзенті МЕРЛАН ҰЛТАНБАЕВ әлемнің таңдаулы арнайы жасақтары бақ сынаған Дубайдағы халықаралық додада топ жарып, ел абыройын асқақтатты. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлемнің 48 елінен келген 109 команда қатысқан UAE SWAT Challenge – 2026» бәсекесінде Қазақстан құрамасы алтын жүлдеге қол жеткізді.
Жерлесіміз бүгінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Арнайы жасақ сапындағы кәсіби шеберлігі мен табандылығы – жылдар бойғы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Халықаралық жарыстағы тарихи жеңіс пен Президент қабылдауынан кейін біз Мерлан Ұлтанбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Алдымен жеңісіңізбен құттықтаймыз. «UAE SWAT Challenge – 2026» жарысына қатысу мүмкіндігі қалай туды?
– Рахмет! Арнайы іріктеу сынақтарынан өтіп, бұл жарысқа үшінші рет қатыстым. 2024 жылы қола жүлде алдық, былтыр күміс бұйырды. «Ер кезегі – үш» демекші, биыл алтын медальға қол жеткіздік.
UAE SWAT Challenge – бұл Дубайда (Біріккен Араб Әмірліктері) 7-ші мәрте өткізілген халықаралық арнайы-тактикалық жарыс. Мұнда әлемнің әртүрлі елдерінің арнайы мақсаттағы жасағы және тактикалық бөлімшелері жиналып, шынайы антитеррористік операцияларға ұқсас тапсырмалар бойынша біліктілік, шапшаңдық және үйлесімділік бойынша жарысады.
Жарыс бірнеше негізгі кезеңнен тұрады – әрқайсысы арнайы дағдыны тексеруге бағытталған. Атап айтқанда, Assault – дәлдік, жылдамдық, кедергілерді еңсеру, Hostage Rescue – адамды жоғары қысыммен құтқару, Officer Rescue – жаралы офицерді құтқару, Tower Assault – биік мұнаралы құрылымда әрекет ету, Obstacle Course – кедергілерден өту. Барлығы 5 түрлі қиын тапсырма, командалар күнделікті ұпай жинайды және соңында чемпионды анықтайды.
– Жарыста сізге жүктелген жауапкершілік қаншалықты ауыр болды?
– Қазақстан С командасының мергені болып жарысқа қатыстым. Барлық жаттығулар мергеннің бірінші оғымен, басталады. Жауапкершілік үлкен, жаттығудың оң нәтижесі тікелей мергенге байланысты. Осы жарыста басты қарсыласымыз Қытай, Ресей, Тайланд елдерінің командалары болды.
Барлық кезеңдер өте қиын және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, жаттығулар айыпқа (штраф) тола, қателесуге жол жоқ. Соның ішінде физикалық тұрғыдан ең ауыр жаттығу 5-ші күні болатын соңғы жаттығу, 20 кедергілерден тұрады. Мықты физикалық дайындықты талап етеді.
– Мемлекеттік күзет қызметіне қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Жалпы мені әскерге жіберген, осы жолды таңдауыма сеп болған туған бауырым – Мұса. 2012 жылы Мұса ағамның қолдауымен мерзімді әскери қызметтен кейін, осы салаға қызығушылығым артып, болашағымды Мемлекеттік күзет қызметімен байланыстырамын деп мақсат қойдым. Барлық тексерістерден сүрінбей өтіп, Президентіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін осы арнайы органға орналастым.
Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет ету – өте жоғары жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді.
Арнайы жасақ қызметкері болу – тек күш емес, мінез бен ойлау қабілетін талап етеді. Жоғары физикалық дайындық, психологиялық тұрақтылық, кәсіби, білім, жылдам ойлау және шешім қабылдау, тәртіп пен шыдамдылық болу керек.
– Қордай ауданы Жаңатұрмыс ауылында өткен балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Балалық шағым – өмірімдегі ең жарқын кезеңдердің бірі. Ауылдың сары топырағында аунап, таза суына шомылып, жасыл шөбінде асыр салып өстік. Табиғаты әсем жерде еркін ойнап, атқа мініп, далада көп уақыт өткіздік. Кеш батқанша асық ойнап, жарысып жүгіретінбіз. Қалтамызға құрт салып, ыстық нанға май жағып алып, алаңсыз балалықтың қызығын көрдік. Сол күндердің қарапайым қуанышы әлі күнге дейін жүрегімде.
Көпбалалы отбасында өстім, бес ағайындымыз. Екі ағам, екі әпкем бар. Ағаларым Мұса мен Нұрланға қарап бой түзеп, ер мінезді, жауапкершілікті болуға тырыстым. Әпкелерім Нұрилла мен Нұрмекеннен тиянақтылық пен тазалықты үйрендім. Спортты бала кезден жақсы көрдім. Әкем Талғарқұл мен марқұм анам Мейрамкүл бізді білімге де, спортқа да баулыды. Нұрлан ағам бокстан чемпион болған соң, мен де спортқа жақын болдым. Мектепте футбол ойнап, жүгірумен айналыстым. Кейін дзюдо және қоян-қолтық ұрыспен шұғылдандым. Әскери салада атыс спортынан жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге жеттім.
– Ұстаздарыңыз туралы не айтар едіңіз?
– Мектеп – арманға қанат бітіретін қасиетті орын. Мектеп қабырғасында тек әріп танып, есеп шығаруды ғана үйренбейміз, сонымен қатар достықты, сыйластықты, жауапкершілікті меңгереміз. Маған білім берген Жаңатұрмыс ауылының №29 орта мектебінің барлық ұстаздары – жүректері мейірімге толы, болашағыма жол көрсеткен тәлімгерлер. Олардың берген білімі мен тәрбиесі өмір бойы маған бағыт-бағдар болды. Сондықтан, мектебіміздің ұстаздары – менің мақтаныштарым, жүрегімдегі ең жарық орын!
– Бүгінде туған жермен байланысыңыз қандай? Ауыл жастарына не айтасыз?
– Туған жеріммен байланысым тығыз. Өскен қара шаңырақ үйім сонда. Барлық ағайын-туыстарым, достарым сонда. Жыл сайынғы демалысымды ауылда өткіземін. Қазіргі Жаңатұрмыстың жастары мықты. Білімде, спортта жеткен жетістіктерін естіп, риза болып отырамын. Жастар – елдің ертеңі, ертеңді бүгіннен баста, демекші темірдей тәртіппен өздерін дамыта берсін, жеңістерге жете берсін!
– Отбасыңыз сіздің қызметіңізге қалай қарайды?
– Әскери қызмет жолы оңай емес. Себебі, арнайы бөлімде жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен тәуекелді талап етеді. Осындай сәттерде менің ең үлкен тірегім – отбасым. Отбасымның түсіністігі мен қолдауы маған нағыз күш! Үйдегі сүйікті жұбайым Шынардың жылы сөзі, сенімі мен сабыры әрдайым моральдық қуат береді. Қиын күндерде екі батыр ұлым мен тәтті қызымның «Әке біз сені күтеміз», «Әке жолың болсын» деген бір ауыз сөзінің өзі шаршауды ұмыттырады. Отбасым сырт көзге көрінбегенімен, әр жетістігімнің артында солардың дұғасы, төзімі және махаббаты тұр.
– Жеңістен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдап, марапаттады. Сол сәттегі әсеріңіз қандай болды?
– Президенттен марапат алу – кез келген азамат үшін үлкен мәртебе әрі ұмытылмас сәт. Бұл – еңбегіңнің еленіп, мемлекет деңгейінде бағаланғанының айқын белгісі деп білемін. Сол сәтте жүректі қуаныш пен мақтаныш кернейді. Себебі, жасаған ісің тек өзің үшін емес, елің үшін маңызды болғанын сезінесің. Президентіміздің қолдауына және көрсеткен құрметіне көп рахмет!.
– Ел мерейін үстем етіп жүрген азаматқа алдағы белестер де биік болсын демекпіз. Сұхбатыңызға рақмет!
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ