15 наурыз – еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн болды. Осы күні Қордай ауданының тұрғындары жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауларын жасады. Аудан бойынша барлық референдум учаскелерінде тұрғындардың келуші саны жоғары болды, дауыс беру үдерісі заң талаптарына толық сай өтті. Ал, жалпы аудан бойынша референдумның қалай өтіп жатқаны туралы әр ауылға ат басын тіреп, ақпарат таратқан аудандық басылым тілшілері, бейнеоператорлары. Соны оқырман назарына ұсынсақ.
АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ – АРДЫҢ ІСІ
Жалпы, Қордай ауданы референдумға тыңғылықты дайындалғанын атап өткен жөн. Кейбір учаскелерде ұлттық ойындар ұйымдастырылып, азық-түлік жәрмеңкелері өткізілді. Ал алғашқы болып келген азаматтарға арнайы сыйлықтар табысталды. Аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламалар тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қариялар асық атып, әжелер тоғызқұмалақ ойынынан шеберліктерін көрсетіп, мерекелік атмосфераны одан әрі жандандыра түсті.
Сайлаушылардың алғашқы легімен бірге дауыс бергендердің қатарында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков болды. Аудан басшысы аудандық Мәдениет үйінде орналасқан №239 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады. Аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та аталмыш референдум учаскесіне барып, дауыс берді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасарлары да референдум учаскелеріне келіп, өз азаматтық міндеттерін орындады.
Референдумға белсенді қатысқан азаматтардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламентінің бұрынғы депутаты, «Құрмет» және «Достық» ордендерінің иегері Мұратбай Жолдасбаев та болды. Қоғам қайраткері бұл тарихи күннің маңыздылығын атап өтіп, дұрыс таңдау жасау арқылы елдің болашағын жаңа даму жолына бағыттайтынымызды жеткізді.
Аудандық этномәдени орталықтардың мүшелері, ардагерлер мен ақ жаулықты әжелер де өз таңдауларын жасап, тұрғындарға үлгі көрсетті. Қазыналы қариялар көпшілікті белсенді болуға шақырып, ақ баталарын берді.
АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗБІРЛІГІ
Сонымен қатар учаскелерде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, шағын жәрмеңкелер өткізілді. Әсем ән мен күй, мерекелік көңіл күй жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Жәрмеңке демекші, арзандатылған бағамен азық түлік ұсынғандар қатарында Қордай, Отар, Сарыбұлақ, Сортөбе ауылдары жақсы жағынан көріне білді. Ал, Степнойда мәдениет қызметкерлерінің ауызбіршілгі көптің көңілінен шықты.
Аталмыш округке қарасты Қалғұты ауылындағы №245 референдум учаскесіне келіп, алғаш рет дауыс берген Оручали Гасанов ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға өз үлесін қосып, өз таңдауын жасағанын айтты.
Алғаш рет осындай саяси науқанға қатысқан жас азаматқа комиссия мүшелері тарапынан арнайы сыйлықтар ұсынылды.
Қашанда белсенді Кенен ауылының тұрғындары да бұл күні таңертеңнен референдум учаскесіне бет алды. №259 референдум учаскесі орналасқан мәдениет үйіне келіп, алғашқы болып дауыс берген Нұрғали Әлімбетов өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтын, үлкен жауапкершілігі бар азамат екенін көрсетті.
Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылындағы Жұбан Молдағалиев атындағы негізгі мектепте орналасқан №519 референдум учаскесіне келген дауыс берушілер осы күннің маңыздылығын ерекше атап өтті. Негізінен дүнген ағайындар қоныстанған елді мекен тұрғындары да референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда. Олардың айтуынша, ел болашағы бәрінен маңызды.
Отар стансасы қызметкерлері осы күні өз таңдауларын жасады. Станса басшысы Азат Есентай бастаған ұжым ауылдық мәдениет үйіндегі №516 референдум учаскесіне барып, бірге дауыс берді.
Темір жол саласы – еліміздегі ең ірі күре жолдардың бірі әрі экономиканы алға сүйрететін маңызды секторлардың бірі. Сол ірі саланың қызметкерлері бүгінгі таңдауларын жасау арқылы ел ертеңінің жарқын боларына сенімдерін көрсетті.
Шалғайдағы Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғындары №260 референдум учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. Ауыл шалғай орналасқанымен, жүректері ел үшін соғатын тұрғындар бұл күні дұрыс таңдау жасау – еліміздің жарқын болашағына қосқан зор үлес деп біледі.
18 жасқа енді толып, алғаш рет дауыс берген жастардан бастап, таңмен таласа референдум учаскесіне алғаш келген ауыл қариялары да сыйлықтарға ие болды.
Қасық ауылдық округі Әлжан ана ауылының тұрғындары – Есімбековтар отбасы жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдум өтіп жатқан учаскеге барып дауыс берді.
Есімбековтар ауылға танымал, ауыл шаруашылығымен айналысып, округтің экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан өнегелі отбасы. Отбасы мүшелері ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын референдумға қатысуды азаматтық борыш деп санайтындарын атап өтті. Ауылдастарына ерекше үлгі көрсетіп, өз таңдауларын жасады.
«Бүгін біз де өз азаматтық таңдауымызды жасадық. Отбасымызбен бірге республикалық референдумда дауыс бердік», — дейді отбасы мүшелері.
ҒАСЫР ҚҰРДАСТАРЫ ТАҢДАУ ЖАСАДЫ
Референдум барысында Қордай ауданында барлық сайлау учаскелерінде арнайы қолжетімділік қызметтері ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ақпараттық бұрыштар жұмыс істеп, компьютерлер, лупалар және қосымша жарықтандыру құралдары орнатылды. Сонымен қатар, бюллетеньдерді толтыруға арналған брайль қарпімен жасалған трафареттер, Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудио нұсқалары ұсынылды. Ғимараттар пандустармен жабдықталған, кіреберістерде тактильдік көрсеткіштер және ішкі навигация жүйелері орналастырылды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси қызметі мен сурдоаудармашылардың көмегі көрсетілді. Осы шаралар арқылы әрбір сайлаушыға, олардың мүмкіндігіне қарамастан, дауыс беру мүмкіндігі толық қамтамасыз етілді.
Қашанда еңбегімен еленген, бүгінде ел қариясына айналған жандардың тілегі – ел тыныштығы, балаларының жарқын болашағы. Сол жарқын болашақ үшін Масаншы ауылының 101 жасар тұрғыны Инва Гуанло да дауыс берді.
Ғасыр құрдасына сайлау комиссиясы мүшелері арнайы барып, қария өз таңдауын жасады.
«Ең бастысы – еліміздің өркендеу жолына түсуі, дамуы және көп ұлттың ортақ шаңырағы атанған Қазақстанымыздың гүлденуі», — деді ақсақал. Бетқайнар ауылындағы 102 жасар Зейтана Құттықова да осы күні өз таңдауын жасап, баршаға батасын берді.
ЖАСТАР ДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ
«Береке» колледжінде орналасқан №512 референдум сайлау учаскесінің жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық болды. Өйткені мұнда «Жас сайлаушылар» клубының мүшелері белсенділік танытып, дауыс беруге келген әр азаматқа ерекше ықылас пен ілтипат білдіріп, заңнамаға сай өз таңдауын жасауына бағыт-бағдар берді.
Соның нәтижесінде аталмыш учаскеге келген әрбір сайлаушы өз құқықтарын толық пайдаланып, жайлы әрі қолайлы жағдайда дауыс беруге мүмкіндік алды.
Жас белсенділердің бастамасымен атқарылған жұмыстың басты мақсаты – Қазақстанның одан әрі дамыған әрі гүлденген мемлекет болуына бағытталған бүгінгі маңызды қадамға қолдау көрсету болды.
Қордай ауылына қарасты Красный партзан шағын ауданындағы №235 референдум учаскесіне екі жігіт қатар кіріп келді.
Красный партизан тұрғындары егіз ағайындылар – Нұрбол және Ербол Тілепбаевтар ел тарихындағы елеулі күні олар референдум учаскесінде өздерінің тарихи таңдауын жасады.
Өздері асабалық кәсіпті қолға алып, той-думандарда өнер көрсетіп жүрген жас сайлаушылар референдум учаскесіне келіп, ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлестерін қосты.
Бел стансасының тұрғыны Арман Нұрмұхамет үшін бұл күн тарихи әрі маңызды күн. Ол Конституциялық реформа аясындағы республикалық референдумда алғаш рет дауыс берді.
Тарихи күндегі таңдауында №265 референдум комиссиясының мүшелері Арманды алғашқы азаматтық қадамымен құттықтап, сый-сияпат табыстады.
Қуанышы мен қобалжығанын жасыра алмаған Арман өзі сияқты алғаш рет дауыс берген құрдастарына бұндай сәт ерекше есте қалатынын атап өтті.
«Дауыс берген адамдарға бұрын қызығатынмын. Әр адам таңдау жасап, еліміздің саяси мәні зор оқиғалардан қалыс қалмауы ерекеше сәт қой. Маған да осындай маңызды күннің келгені қуантады. Мен өзімді еліміздің дамуына үлес қосатын азамат сезіндім», — деді ол.
ҚОРЫТЫНДЫ
Осындай игі шаралар халықтың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте айқындай түсті. Бұл күні ауданның шалғай ауылдарында да тұрғындар белсенділік танытты. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін барлық жағдайлар жасалды.
Жалпы Қордай ауданы бойынша 58 референдум учаскесінде тұрғындар өз дауыстарын беріп, елдің дамуы мен тұрақтылығына өз үлестерін қосты.
Шолпан САБАНОВА, Жандос ОМАРОВ, Айбек НӘКЕН, Сағыныш МЫСАТАЙ, Қуат ЕМБЕРГЕНОВ