Полиция күні

0

Тәртіп сақшысы — ел қорғаны
Қазіргі таңдағы қазақ полициясының бейнесі қандай? Өз басым «кешегі ел қорғаны болған батыр бабаларымыздың, жаужүрек аға-аталарымыздың жалғасы – бүгінгі тәртіп сақшылары» деген тұжырымымды ортаға салсам ағаттық болмас деп ойлаймын. Сол себепті, полиция қызметкерлерінің төл мерекесіне орай тәртіп сақшыларының бір күндік жұмысымен танысып, олардың күнделікті тіршілігін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.
Осылайша, мереке қарсаңында біз АПБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Саят Сүлейменмен кездесіп, маманның жұмыс барысын бақыладық. Иә, бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл қызметтің машақаты көп-ақ. Таңның атысымен қызметтік автокөлігін тізгіндеген инспектор бірден аудандық полиция бөліміне бет алды. Сағат тілі 8.00. Аудандық полиция бөлімінде жеке құрам сап түзеп, басшылықтың нұсқаулығын мұқият тыңдады. Бұл қатарда біздің кейіпкеріміз Саят та бар. Одан кейін тікелей басшысының кабинетінен Саят бір бума қағаз бен бірқатар тапсырма алып шықты. АПБ басшылығы тарапынан түскен тапсырмалардың арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматшадан түскен арыз да бар. Полицеймен бірге біз арызда көрсетілген мекенжайға барып, аталмыш азаматшадан түсініктеме алған инспектор, мән-жайды анықтап, жауапкершілік туралы ескерту беріп, жолдасымен профилактикалық сұхбат жүргізді. Саяттың айтуынша, мұндай оқиғалар жиі болып тұрады.
«Отбасылық даулар жиі орын алады, көбіне жұбайлар уақыт өте келе татуласып кетеді. Сондықтан, бұл мәселені шешуде артық кетпеу қажет. Көбіне жолдасын қамауға алғаннан кейін әйелі өзі жүгіріп, оны босатуды сұрайды. Үйдегі проблемаларды жұптардың өздері шешкендері абзал», — дейді полиция қызметкері.
Осыдан кейін Саят дереу өзге жұмыстарға кірісті. Мысалы, ол осы күні карантин шараларына байланысты оның алдына сауда және қоғамдық тамақтану нысандарының өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізу міндеті қойылған болатын. Бұл жұмыс Саятқа таң емес екені байқалады. Ол дүкендерге кіріп, өзін таныстырып, бетперде мен қолғап кию бойынша санитарлық ережелер мен оның қажеттілігін түсіндіріп, сатушылар мен сауда нысандарының иелеріне карантин кезінде жұмыс істеу кестесі туралы түсіндіріп өтті. Осылайша бірқатар шаруаны тындырған кейіпкеріміз өзге жұмыстарына кірісті. Учаскелік инспектордың жұмысы шартты түрде сағат 20.00-ге дейін жалғасады, алайда шұғыл жағдай бола қалған жағдайда түн уақытында да жұмысқа шақыртулар болуы мүмкін.
Саят Сүлеймен учаскелік инспектор қызметіне 2016 жылы келген. Өзі Қаракемер ауылының тумасы. Жас жігіт Алматы қаласындағы ҚР ІІМ академиясын аяқтап, туған ауылына қайтып оралады. Сол кезде оның өмірінде есте қалардық жағдай орын алған.
«Бұл оқиға мен Қаракемер ауылына учаскелік инспектор болып тағайындағаннан кейін 1 айдан соң орын алды. Алғашқы тапсырмам. Ауылда ұрлық болды. Абырой болғанда ізін суытпай мен ұрыны анықтап, оны қамауға алдым. Содан соң оны Қордай ауылына жеткізу қажет болды. Басшылық пен жұмыстағы әріптестерім үнемі нұсқаулық беріп тұрғанымен, мен тәжірибенің аздығынан ұсталған адамға дұрыс тінту жүргізбесем керек. Оны көлікке отырғызып, полиция бөлімшесіне алып бара жатқанымда ол менің тамағына пышақ кезеді. Осылайша, ол көлікті тоқтатуымды талап етіп, қаша жөнелді. Бірнеше секундтың ішінде зәре құтым қашып, есеңгіреп қалдым. Бірақ, дереу есімді жинап, оны қуа жөнелдім. Оны қуып жетіп, қолынан пышақты қағып жіберіп, жерге құлатып, полиция бөліміне жеткіздім», — дейді Саят. Бұл Саят үшін үлкен сабақ болды, қазір ол қызметін тек нұсқаулыққа сай атқарады.
Осылай кейіпкерімізбен әңгімелесіп отырып түс болғанын байқамай қалыппыз. Ал, түстен кейін Саят жазасын өтеп келген азаматтардың жағдайын бақылап кетеді екен. Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жиі кездесіп тұрады. Кеш батқанға дейін біз бірнеше үйге барып, учаскелік инспектордың әртүрлі адамдармен кездесуінің куәсі болдық. Осы кезде біз полицейдің жұмысы тек қана қылмыскерді ұстау, қамауға алу емес, сонымен қатар психолог пен медиатор жұмысын атқаратынын түсіндік.
Рас, полиция қызметкерлерінің жұмысы қиын-ақ. Дегенмен, олар бұл қызметті Отанға адал қызмет етіп, ел азаматтарының тыныштығын сақтау үшін таңдаған жандар.
Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.