МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

0

Қазақ тілі — халқымыздың рухани өзегі, мәдениетіміздің тірегі, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Тілді сақтау — ұлтты сақтау, ал тілді дамыту — болашақты жарқын ету.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие, бұл әрбір азамат үшін оны білу әрі құрметтеу борыш екенін білдіреді.

Қазақ тілін білу ең алдымен еліміздің мәдениеті мен тарихын және рухани құндылықтарын құрметтеудің белгісі болып саналады. Қазақ тілін үйрену қоғамда өзіңді толыққанды азамат ретінде сезініп, кәсіби түрде дамуға көмектеседі. Сонымен қатар, қазақ тілін білу ұлттық бірлікті нығайтудың бірден бір факторы болып отыр. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы әр түрлі халықтар яғни, этностар арасында жарасымды түсіністік қалыптасып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылық сақталады. Көп тілді білу маңызды болғанымен мемлекеттік тілді меңгеру әр азаматтың патриоттық борышы, міндеті деп білемін және ол елдің болашағына оң ықпал етіп, ұлттық бірегейлікті сақтап, өскелең жастарға мемлекеттік тілді аманаттап қалдыруға тікелей әсер етеді.

Қазақ тілінің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлі — тек тіл ретінде ғана емес, халықты біріктіретін, елдік сананы қалыптастыратын күш екендігінде. Сондықтан қазақ тілін құрметтеу — өз ұлтыңды, тарихыңды, болашағыңды құрметтеу.

Қазақ тілі – болашағы жарқын, дамуға қабілетті, терең мағыналы тіл. Оны дамыту – әрбір азаматтың парызы әрі абыройы.

С.БАЛПУКОВА, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.