ЕКПЕ АЛМАСА, ҚАУІП КӨП

0

Өткен жылдан бері әлемді әбігерге салған пандемия Қазақстанды да сырт айналып өтеді. Соның салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланып, талай отандастарымыз, тіпті талай қордайлық жерлестеріміз індеттің ілмегіне ілініп, талайы ауруханадан бірақ шықты. Сондықтан, әлем мемлекеттері қатерлі дертке дауа іздеп, еліміз де бұл үрдістен шет қалмай тиісті шара қабылдады. Өкінішке орай, қазіргі таңда індеттің беті қайтпай отыр. Керісінше, әлемде вирустың түрлі штамдары пайда болып, бүгінде Қазақстанда коронавирустың «дельта» варианты тарауда. Осыған байланысты мамандар аурудан сақтанудың бірден бір жолы – коронавирусқа қарсы екпе алу деп шешіп, елімізде жаппай вакцинациялау науқаны жүруде. Мәселен, Қазақстанда білім, қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге, еңбек ұжымдарына екпе алу міндеттелген. Бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға септігін тигізебек. Алайда, ел арасында вакцина салдыруға қарсылар да бар. Бірақ, олардың уәждері көңілге сенім ұялатпайды, антиваксерлердің алға тартатын сөздері еш дәлелі жоқ, бос әңгіме.

Сол себепті бос сөздің жетегіне ермей, өзімнің және жақындарымның саулығы үшін мамандардың кеңесімен жақында вакцина алдым. Вакцина салдырған күні дәрігерлердің бақылауында болдым. Ешқандай кері әсері байқалмады, жұмысымды істеп жүрмін. Әрине, көңілімде індеттен туған үрей бар-ды. Алайда, мен оны жеңдім. Осы күдік адамдардың екпе алуына да кері әсер етіп тұрғандай. Жерлестерімді екпе салу арқылы індетті толық жеңіп, қалыпты тіршілікке оралатын күннің жақын қалғанына сендіргім келеді.

Қымбатты қордайлықтар, патриот болайық деп айтқым келеді. Еліңізді сүйсеңіз, өзіңіз де екпе алып, туыс-туғанға да салдыруға үгіттеңіз. Осылайша, ұжымдық иммунитет қалыптастырайық. Күшіміз артып, кейінгі жылдары болған жамандықтарды ұмытамыз. Мен оған сенемін.

М.Көпжасарова,Қордай ауылының тұрғыны

Leave A Reply

Your email address will not be published.