Мамандыққа алғашқы қадам

0

Қордай ауданыдық прокуратурасының бастамасымен «Болашақ прокурор кеңістігі» атты жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Дінмұхамед Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясында құқық қорғау бағытына қызығушылық танытқан оқушылардан құралған жас өкілдер пайда болды.

Жобаның салтанатты ашылу рәсіміне аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Үдергенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, сондай-ақ ұстаздар, оқушылар және шақырылған қонақтар қатысты.

Жаңа білім беру алаңы оқушыларға құқық қорғау жүйесінің ерекшеліктерімен тереңірек танысуға, алғашқы тәжірибелік дағдылар алуға және болашақ мамандық таңдауға мүмкіндік береді. Іс-шара аясында прокуратура мен оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы прокуратура органдарының маңыздылығын атап өтті. Ол бүгінгі таңда жастарды әділдік, жауапкершілік және қоғамға қызмет ету рухында тәрбиелеудің аса маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, сөз барысында лудомания мен нашақорлық сияқты өзекті әлеуметтік мәселелер қозғалып, «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Заң және тәртіп» қағидаттарын ұстанудың қажеттілігі атап өтілді.

Басқа да спикерлер оқушыларға адал, жауапты болып, заңды сақтауға шақырып, сапалы білімнің жеке және кәсіби дамудың негізі екенін айтты.

Іс-шара аясында Дінмұхамед Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты жиын оқушыларға жаңа жобаға қатыстылығын білдіретін арнайы куәліктер табыстаумен қорытындыланды.

Аталған бастаманы жүзеге асыру жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруда, патриотизмді дамытуда және қоғамда заңдылық пен әділдік қағидаттарын насихаттауда маңызды қадам болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.