Адам есімі кейде тағдырдың алдын ала жазылған ишарасындай көрінеді. Самудин есімі араб тілінен аударғанда «сенімнің биіктігі» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау оның болмысымен, жүріп өткен жолымен, тіршілік ұстанымымен үндесіп тұрғандай еді. Өйткені ол өмірді ұранмен емес, үнсіз еңбекпен, сабырлы табандылықпен биіктеткен жан болды.
Самудин Әлханұлы үшін табыс — атақ емес, тұрақтылық еді. Байлық — есепсіз дүние емес, адал еңбектің жемісі еді. Ол істі асықпай, ойланып, жүйелі атқаруды жөн көретін. Қарапайым қадамдардың өзі үлкен нәтижеге жеткізетінін ол ерте түсінді. Сондықтан өмірінде артық даңғаза, артық асығыс қадам болған жоқ.
Қандай қиындық кездессе де, бұғып қалмайтын. Сабыр — оның қорғаны, байсал — оның бағыты болды. Жанына жақын жүрген адамдар оның жанында өзін сенімді, тыныш сезінетін. Ол эмоциясын билей білетін, тепе-теңдікті сақтай алатын, әр іске байыппен қарайтын парасат иесі еді.
ТЕКТІЛІКТІҢ ТЕРЕҢ ТАМЫРЫ
Самудин Әлханұлы жай ғана еңбек адамы емес, тамыры тереңге тартқан әулеттің жалғасы болатын. Оның арғы аталары қазақ даласының рухани тарихымен сабақтас тұлғалар.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаев Қордай мен Қарасу өңірін аралап, халық арасындағы қисса-дастандарды жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізгені белгілі. Сол сапарларында Өтеген батырдың ұрпағы, әділдігімен елге танылған Алғадай биді серік еткені жөнінде деректер айтылады.
Алғадай би — ел ішіндегі дауларды әділ шешкен, көрегендігімен, парасатымен танылған тұлға. Аңызға сүйенсек, Жамбыл бабамыз ұлы дүниеге келгенде, ел ақсақалдарының алдында Алғадай биден рұқсат сұрап, сәбиге есім берген деседі. Кейін ұлын Қырық үйге ертіп келгенде, «Би аға оған қолындағы қамшысын ұсынған» деген сөз ұрпақ жадында сақталған.
Өзі — осы Алғадай биден тараған ұрпақ. Әкесі Әлхан — Кеңес (қазіргі Өтеген) ауылындағы орта мектептің директоры, елге сыйлы, қадірлі азамат болған. Әке тәрбиесі, әулет өнегесі Самудиннің мінезінде айқын көрініс тапты. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ол көп балалы отбасының үлкені ретінде жауапкершілікті ерте сезініп, соңынан ерген іні-қарындастарына үлгі болды. Әкесінің қарашаңырағын ұстап, әулеттің бірлігін сақтауды өмірлік парыз санады.
Кеңес ауылындағы сегіз жылдық мектепті тәмамдаған соң, Красногор совхоз-техникумында білім алды. Жастық шағы еңбек пен тәртіптің мектебі болды.
Әскер қатарына шақырылғанда, оның жолы Семей ядролық полигонына түсті. Бұл — ерекше қауіпті сынақ алаңы еді. Ядролық қару сынақтарына қатысу — кез келген адамның тағдырында ауыр із қалдыратын кезең.
Семей полигонындағы қызметі оның өмірге көзқарасын тереңдетті. Қиындық пен қауіп оны қорқытпады. Керісінше, төзімін шыңдап, өмірдің қадірін ұғындырды. Ол «Қазақстанның аса қауіпті тапсырма сарбазы» куәлігіне ие болып, «Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл» және «Семей сынақ полигонының ардагері» медальдарымен марапатталды. Бұл марапаттар — оның айғайсыз ерлігінің белгісі.
МЕЙІРІМ МЕН МІНДЕТ ТОҒЫСҚАН МАМАНДЫҚ
Әскерден оралған соң, Самудин Әлханұлы бүкіл ғұмырын ветеринария саласына арнады. 1972 жылдан бастап колхозда еңбек етіп, елу жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарды.
Ветеринар мамандығы – жай ғана кәсіп емес. Бұл — жанашырлық пен кәсібиліктің тоғысқан тұсы. Жануарлар өз дертін айта алмайды. Олардың үнсіз тілін түсіну — үлкен шеберлік. «Жануарлардың қай жері ауыратынын сезіне білуіміз керек», — дейтін ол.
1978 жылдан бастап ветеринарлық акушер-гинеколог, кейін ұрықтандырушы әрі ветеринар ретінде қызмет етті. Тоқсаныншы жылдардың аласапыран кезеңінде, колхоз тараған шақта да ауылға қажет маман болып қала берді. Тәуелсіздік жылдарындағы күрделі өтпелі кезеңде де өз ісіне адал болды. Ел билігі еңбек ерін елеусіз қалдырмады, мадақтама, Алғыс хат, Құрмет грамотасы, төс белгі тақты. Қаншама марапатқа иесі болып жатса да ағам кеуде кермеді, керісінше «ұлық болсаң кішік бол» деген қалпынан танбады.
Пандемия жылдары «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, мал ауруы да қатар келіп, ауылға ауыртпалық салды. Сол тұста Самудин аға асқан жауапкершілік танытып, жағдайы төмен отбасыларға тегін дәрі-дәрмек жеткізіп, төрт түліктің саулығын қорғауға бар күшін салды. Бұл — ауыл халқы үшін өлшеусіз қолдау еді. Ол малды эпизоотиялық қауіптен сақтап, талай шаңырақтың ырысын аман алып қалды.
Самудин Әлханұлы 27 жасында шаңырақ көтерді. Жұбайы Мадамгүл жеңгеймен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірді. 16 немеренің ардақты атасы атанды.
Балалары жоғары білім алып, әрқайсысы өз саласында абыроймен еңбек етіп жүр: бірі журналист, бірі заңгер, бірі қаржыгер, енді бірі кәсіпкер. Ата-анадан алған адамгершілік пен адалдық тәлімі олардың өмір жолында айқын көрініс тапты. Ол балаларын ерекше жақсы көрді. Оларды сабыр мен үйлесім рухында тәрбиелеуді өмірлік қағидасына айналдырды. Оның шаңырағына кірген әр адам жылылық пен сенімді сезінетін. Зейнетке шыққанымен, ол қол қусырып отырмады. Жас мамандарға ақыл-кеңесін беріп, ауыл тұрғындарының өтінішін орындап жүрді.
«Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Сүйікті ісіммен айналыстым. Адамға бақыт үшін тағы не керек?» — дейтін ол.
Оның ғұмыры — айқайсыз ерлік. Сабыр мен сенімге сүйенген, адал еңбекпен өрілген өмір.
Самудин Әлханұлы — сенімнің биіктігін өмірімен дәлелдеген жан. Әскерде — батыл сарбаз. Ауылда — сыйлы маман. Отбасында — қамқор әке. Әулетінде — арқа сүйер аға. Ол артында із қалдырды. Ол жүректерде сенім қалдырды.
Мейрамхан ЖӘПЕК, журналист