«Таза әлемге бірге!» – тазалыққа үндеген тағылымды шара Қордай ауданында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 2026 – Волонтерлер жылына орай «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің еріктілері арасында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза әлемге бірге!» тақырыбында тазалық байқауы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды насихаттау, тазалықты сақтау арқылы азаматтық жауапкершілікті арттыру болды. Байқау аясында қатысушылар Ноғайбай би атындағы атшабар аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ұйымшылдық пен белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Нәтижесінде 126 қап қоқыс жиналып, аумақ толықтай тазартылды. Бұл – жастардың туған жер тазалығына деген жанашырлығы мен табиғатты қорғауға қосқан нақты үлесі. «Таза әлемге бірге!» байқауы барысында еріктілер табиғатты аялау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін іс жүзінде дәлелдеп, экологиялық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Осындай тағылымды шаралар жастардың бойында еңбекқорлықты, патриоттық рухты және қоршаған ортаға деген қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Іс-шара соңында белсенді қатысушылар арнайы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды. Тазалық – тәртіптің бастауы, табиғатты аялау – болашаққа жасалған қамқорлық. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға өз үлесін қоса бермек.