Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қордай ауданына жұмыс сапары Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институты қызметкерлеріне арналып салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысудан басталды.
Мұндағы бірінші үйдің құрылысын Мұрат Мырзаханұлы басқаратын «БазисДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысына 880 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Облыс әкімі әр пәтерді аралап көрді.
Осы бой көтеріп жатқан үш көпқабатты үйде 180 отбасы жаңа қонысқа қоныстанады. Бұл Қордайға тағы бір ауыл қосылды деген сөз.
«БазисДорСтрой» ЖШС-гі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына да жауапты. Аталған кешен құрылысына 431 миллион теңге бөлінген. Бердібек Сапарбаев кешендегі 100 орынға жоспарланған мәжіліс және бірнеше спорт түріне арналған әмбебап спорт залдарын көріп, құрылыс жұмыстарына қатысты өз ұсыныстарын айтты. Өңір басшысы нысан ауласына футбол алаңшасы орналасатынына назар аударып, оның айналасына газон төсеуді жауапты мамандарға тапсырды.
Осы орайда Биологиялық қауіпсіздік проб-лемаларын ғылыми зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья өздеріне танытқан жанашырлығы үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
Бердібек Машбекұлы «Агроспецстрой» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан үйлердің құрылысымен де танысып, жұмысты ширата түсуді тапсырды. Бас мердігер Марат Сапарұлы бұл үйлердің құрылыс жұмыстары 25 қыркүйекке дейін аяқталатынын айтты. Мұнан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биофармацевтикалық зауытты аралап, бірінші кезеңде аяқталған жұмыстарымен танысты. Аталған зауыттың бірінші кезеңіне 6,9 миллиард теңге жұмсалса, осы күнге дейін 30-60 миллион теңгенің биопрепараттары өндірілуде. Осыдан кейін облыс әкімі штаб отырысын өткізіп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Қордайға сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 40-шы «Отар» әскери жаттығу базасында Армиялық халықаралық ойындар аясында «Артиллериядан оқ ату шеберлері» әскери халықаралық байқауының ашылу салтанатына қатысты. Байқауға біздің елімізбен қатар Әзірбайжан, Иран, Сирия, Вьетнам, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің әскери құрамалары бақ сынауда. Іс-шараның ашылу салтанатында еліміздің Әнұраны шырқалды.
Әскерилер байқауына еліміздің қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қатысып, сөз сөйледі.
Осыдан кейін әскери ойынның арнайы жалауы желбіреп қоя берді. Халықаралық байқаудың лауреаты Қарақат Бажанова және өзге де әншілер әскери және патриоттық әндерден шашу шашты. Әскери жарыстың алғашқы кезеңінде ел намысын қорғаған мина атқыштар тобы сәтті өнер көрсетті. Жарыстың бас төрешісі – генерал-майор Асқар Жоламанов.
Әскери байқау 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Онда жарысқа қатысушылар «Жеке жарыс», «Түнгі спринт», «Эстафета», «Артиллериялық оқ ату» деп аталатын сынақтар бойынша жеке және командалық есепте өнер көрсететін болады. Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, марапатталады.