Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Гвардейск гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Расул Ризабекұлы, прокуратура органдарының ардагері Ольга Деданың және ауған соғысының ардагері Таласбек Терликбаевтың қатысуымен Қордай ауданы бойынша шекара басқармасында мерзімді әскери қызметшілермен кездесу өткізді.
Аталған іс-шара «Сарбазға прокурорлық кеңес» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып, «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын ілгерілетуге, жеке құрамның құқықтық сауаттылығын арттыруға, әскери тәртіпті нығайтуға және жастар арасында патриоттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталды.
Кездесу барысында әскери прокурор сарбаздарға әскерде қызмет ету барысында кездесетін құқықтық мәселелер мен міндеттер жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берді. Ол әскери қызметкерлердің заңды құқықтарын қорғау, әскери тәртіпті сақтау, сондай-ақ заңнамаларды түсіну мен орындау қажеттілігін атап өтті. Сарбаздардың білгісі келген сұрақтарына жауап беріп, олардың құқықтары мен міндеттері туралы түсінік берді.
«Сіздердің құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді білу – сіздер үшін аса маңызды. Әскери қызмет – бұл жауапкершілік, және заңдарды білу оны орындалуына мүмкіндік береді. Сіздер әрқашан өз құқықтарыңызды қорғап, міндеттеріңізді адал орындауға дайын болуларыңыз керек», – деді Расул Ризабекұлы.
Сондай-ақ, кездесуде қатысушылар қару-жарақ түрлері мен әскери техниканың жай-күйімен танысты.
«Біздің буын ел мен жерді қорғау жолында көптеген қиындықтарды бастан өткізді. Сіздер бүгінгі күні заң талабына сай қызмет етіп, ұрпаққа үлгі көрсетулеріңіз керек. Заңды білу – әрбір сарбаздың басты міндеті», – деп атап өтті әскери прокуратура ардагері Ольга Деда.
Ауған соғысының ардагері Таласбек Терликбаев өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға қызмет жолында табандылық таныту қажеттігін айтты.
«Сіздер – еліміздің патриоттарысыздар. Заңды жақсы біліп, соған сай қызмет етсеңіздер, болашақта азамат ретінде де, әскери қызметкер ретінде де үлкен жетістіктерге жетерлеріңіз анық», — деді ол.
Іс-шара қорытындысы бойынша қызмет барысында оң нәтижелерге қол жеткізген бірнеше сарбазға Бас әскери прокурор әділет генерал-майоры Дастан Секеновтің Алғыс хаты табысталды. Бұл жастардың қызметке деген ынтасын арттырып, әскери үлгі мен патриотизмді нығайтуға септігін тигізеді.
Шара сарбаздардың құқықтық мәдениетін арттыру, әскери қызметтің маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ әскери салада қызмет ететін мамандар мен ардагерлердің тәжірибесіне сүйене отырып, олардың білім мен тәжірибесін толықтыруға бағытталған.