Егемендік алған күннен бастап Қазақстан кез келген қауіп-қатерге төтеп бере алатын, жылдам әрі қарымды, заманауи Қарулы Күштерді қалыптастыру жолында ауқымды жұмыстар атқарды. Осы жылдар ішінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қуатты армия мен тиімді құқық қорғау жүйесі құрылды. Бүгінде біз Отан қорғауға әрдайым дайын, жаужүрек ұлдарымызды мақтан етеміз.
Осы мерейлі күнге орай аудандық Мәдениет үйінде «Айбынды армия – айқын болашақ» атты салтанатты концерт ұйымдастырылды. 7 мамыр – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері күніне арналған кеш ерекше рухпен бастау алды. Сахна төріне Мемлекеттік Ту салтанатпен енгізіліп, көпшілік орындарынан тік тұрып, Мемлекеттік гимнді асқақтата орындады.
Мерекелік жиында құттықтау сөз Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековке берілді. Аудан басшысы өз сөзінде ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметшілердің еңбегіне жоғары баға беріп, олардың ерлігі мен адалдығы әрдайым құрметке лайық екенін атап өтті. Сондай-ақ, Отан алдындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар азаматтарды марапаттап, алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстады.
Марапаттау рәсімін аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов жалғастырып, ел қорғаны болып жүрген азаматтарға жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өз сөзінде әскери қызметтің мәртебесіне тоқталып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызына ерекше назар аударды.
Кештің көркем бөлімі де көрермен көңілінен шықты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Гвардейск гарнизонының әншілері патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ