БАЛАЛАР БАТЫР АТАЛАРЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

0

Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында «Ерлік мәңгі есте» атты тағылымды тәрбие сағаты өткізілді. Аталған шараға орталық тәрбиеленушілері мен мамандары белсене қатысып, Ұлы Жеңістің тарихи маңызы мен батырлар ерлігін кеңінен насихаттады.

Мерекелік кеш әсерлі ашылу биімен басталып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жүргізушілер Жеңіс күнінің маңызына тоқталып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдерді тебіреніспен еске алды. Шара барысында соғыс құрбандары мен ел үшін жанын қиған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өткізілді.

Бағдарлама аясында соғыс тақырыбына арналған сахналық көріністер, монологтар мен әсерлі билер қойылды. Атап айтқанда, «Сарбаздар» биі, «Синий платочек» биі, сондай-ақ соғыс жылдарынан сыр шертетін көріністер көрермен жүрегіне жол тапты. Балалар мен мамандардың бірлескен шығармашылық жұмыстары шараның мазмұнын тереңдете түсіп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Ұлы Отан соғысының батырлары – Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов сынды ержүрек тұлғалардың есімдері аталып, олардың ел үшін жасаған ерліктері насихатталды. Бұл – жас ұрпаққа батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсететін маңызды тағылым болды.

Кеш соңында «Жеңіс күні» әні орындалып, бейбіт өмірдің қадірі мен маңызы тағы бір мәрте айқын сезілді. Қатысушылар Жеңістің оңайлықпен келмегенін, оның артында қаншама қайғы мен қасірет жатқанын терең түсінді.

Мұндай тағылымы мол іс-шаралар өскелең ұрпақты елін сүюге, бейбітшілікті бағалауға, тарихты құрметтеуге тәрбиелейді. Бүгінгі бейбіт өмір – батыр бабаларымыздың бізге қалдырған ең қымбат аманаты. Сондықтан оны сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Н.ЖАМАНКУЛОВА, орталық әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.