Қордай ауданында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін қалыптастыру және көпұлтты қоғамда тіл арқылы өзара түсіністікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбегі айрықша.
Аталған орталық 2020 жылы құрылып, бүгінгі таңда аудан тұрғындарына тіл үйрету ісін сапалы ұйымдастырып келеді. Қазіргі таңда орталықта 16 штат бірлігі қарастырылып, білікті мамандар қызмет атқаруда. Орталықтың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті азаматтарға қолайлы жағдай жасап, олардың тілдік дағдыларын жетілдіру.
Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік тілді оқытудың 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, 2025 жылы қазақ тілі курсына 1426 адам қамтылып, жоспар артығымен орындалды. Жалпы соңғы жылдары тыңдаушылар санының тұрақты өсімі байқалады. Бұл – халықтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы мен сұранысының артып келе жатқанын көрсетеді.
2026 жылдың басынан бері 496 адам қазақ тілі курсына қатысып отыр. Олардың қатарында білім беру, медицина саласының қызметкерлері, студенттер, түрлі сала мамандары және ауыл тұрғындары бар. Ұлттық құрамы жағынан тыңдаушылардың басым бөлігін өзге ұлт өкілдері құрайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас құралына айналып келе жатқанын дәлелдейді.
Орталықтың оқу кабинеттері ауданның бірнеше ауылдық округтерінде орналасқан. Бұл ауыл тұрғындары үшін тіл үйренуге қолжетімділікті арттырып отыр. Сонымен қатар, оқыту процесі қажетті оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілген.
Тіл үйрету тек сабақпен шектелмей, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар арқылы жалғасын табуда. Ағымдағы жылы «ŞAÑYRAQ» клубының отырыстары өткізіліп, тыңдаушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, Халықаралық ана тілі күні, Алғыс айту күні, 8 наурыз және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай бірқатар тәрбиелік, танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мәселен, «Ана тілім – ғажап тіл» тақырыбындағы ашық сабақтар мен байқаулар, «Алғыс білдіру – ең асыл сөз» тәрбие сағаттары, эссе жазу, ұлттық ойындар сайыстары тыңдаушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың рухани дамуына да ықпал етті.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған челлендждер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.
Орталықтың қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында да көрініс табуда. Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде тіл мәселесіне қатысты мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы атқарылып жатқан жұмыстар тұрақты түрде халыққа ұсынылуда.
Қорыта айтқанда, «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қордай ауданында мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асырып, қоғамдағы тіл мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға қызмет ете беретіні сөзсіз.
Салтанат БАЛПУКОВА, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы