ТОП ӨКІЛДЕРІ АУДАНДА БОЛДЫ

0

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына қатысты маңызды мәселелерді қаузаған кезекті Жолдауын жариялап, қараша халықтың көкейіндегі бірқатар мәселелердің оңды шешімін айтқан болатын. Осыған орай бүгінде Президент Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттер мен игі өзгерістерді ел арасында түсіндіру жұмыстары белең алып, облыста құрылған арнайы топ өкілдері аудандарды аралауға кірісті.

Нақтырақ айтсақ, ауданымызға арнайы келген «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейіржан Жиенәлі Қордай ауылының тұрғындарымен кездесіп, Жолдаудың маңызды тұстарын талқылады.
Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен күрес жолдарын, оның мемлекетімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келе, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, азаматтардың табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтқан. Жолдаудағы осы іспеттес мәселелерді жергілікті тұрғындарға егжей-тегжей түсіндірген Мейіржан Жиенәлі өз ойын ортаға салды.
«Мемлекет басшысының кезекті Жолдауының біз үшін маңызы зор. Онда халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар оң өзгерістер айтылды. Сондай-ақ, Президент жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауды тапсырды. Әрбір бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту қажеттігін міндеттеді», — деген Мейіржан Әлібекұлы бірқатар оң өзгерістерге тоқталды.
Жиын барысында келер жылдан бастап білім саласы мен мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілетіні жайында да сөз қозғалып, бұл өзгерістердің мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау екені айтылды.
Осылайша, маңызды құжаттың әр саласына жекелей тоқталған М.Жиенәлі ауданда түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасатынын айтты. Осы тұста сөз алған ауыл тұрғындары әрбір Жолдаудан мол үміт күтетіндерін жасырмай, биылғы құжатта игі жаңалықтар көп болғанын алға тартты.
«Біз мемлекет басшының Жолдауын асыға күтетініміз рас. Онда біз көксеген талай мәселе көтеріліп, шешімі табылатынына біз қуаныштымыз», — деді бірауыздан жиынға қатысқан азаматтар.
Ауданға келген топ өкілдері әрбір ауыл мен мекеме ұжымдарында болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.