Қаракемер мен Керу ауылдарын жалғайтын автожол мәселесі аудан тұрғындарын көптен бері алаңдатып келген өзекті мәселелердің бірі болатын. Екі ауыл арасын жалғап жатқан 18,1 шақырымдық жолдың әбден тозығы жетіп, ой-шұңқыры көбейгендіктен, жеңіл көліктердің қатынауына айтарлықтай қиындық туындаған. Тұрғындар тарапынан бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп, жолды жөндеу қажеттігі басты талаптардың біріне айналған еді.
Қазіргі таңда көпшілікті алаңдатқан мәселе оң шешімін тауып, «Қаракемер-Керу» автожолында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай аудан әкімі Бегзат Болатбеков нысан басына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Абсеитов пен Қаракемер ауылдық округінің әкімі Р.Алыбаев жөндеу жұмыстары жөнінде баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Олардың айтуларынша, бүгінде жолдың екі шақырымға жуық бөлігіне асфальт төселген.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкіл-деріне жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, жолдың тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы болуына баса назар аудару қажеттігін айтты.
Көп жылдан бері күрмеуі шешілмей келген жол мәселесінің қолға алынуы – Қаракемер мен Керу ауылдарының тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Жаңарған жол екі елді мекен арасындағы қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал етпек.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ