«БЕРЕКЕ» КОЛЛЕДЖІНІҢ СӘТТІ ҚАДАМЫ

0

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының қолдауымен өткізілген «WorldSkills Jambyl-2026» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты. Айтулы шараға Қордай ауылында орналасқан «Береке» гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті Шайымқұл Диана қатысып, үздік нәтиже өнер көрсетті.

Ол «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бойынша білім мен дағдысын сынап, облыстың үздік студенттерімен бәсекеге түсті. Чемпионаттың күрделі тапсырмаларына Диана өзінің жоғары дайындығы мен мамандыққа деген сүйіспеншілігі арқылы сауатты жауап бере білді. Нәтижесінде, жүлделі ІІІ орынды иеленіп, колледждің, ауданның мәртебесін асқақтатты.

Бұл жеңіс – тек студенттің ғана емес, оны дайындаған оқытушылардың да еңбегінің жемісі. Студенттің сәтті қадамына үлкен үлес қосқан, «Береке» гуманитарлы-техникалық колледжінің тәжірибелі оқытушысы Гауһар Сауранбек. Ол чемпионатқа дайындық жұмыстарын жалықпай өткізетін білікті маман. Сонымен қатар, аталмыш байқауда «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бойынша сарапшылыққа да қатысып, студенттер жұмысына сарапшы ретінде де өз бағасын берді.

«WorldSkills» қозғалысының негізгі мақсаты – жастардың кәсіби шеберлігін арттыру, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды дәріптеу және кәсіби білім беру жүйесін жаңарту болып табылады. Осындай ауқымды шараларда Қордай ауданының жастарының жетістікке жетуі – білім мен кәсіпті ұштастыра алған жастардың болашағы жарқын екендігін көрсетеді.

Жамбыл облысының білім бөлімі тарапынан жас мамандарды қолдауға бағытталған түрлі шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Аталған колледжі білім бәйгесінен ешқашан қалыс қалған емес. Еске сала кетсек, аталмыш шарадан колледж студенттері 2025 жылы жүлделі ІІ орынды иеленген. Бұл жеңіс – ауданның кәсіби білім беру саласындағы тағы бір сәтті қадамы мен мақтанышы.

Студенттер мен оқытушылардың мұндай жетістіктері Қордай ауданының білім саласының әлеуетін арттырып, болашақ мамандардың қалыптасуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Карима АХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.