ЖАҢА СУ СТАНСАСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

0

Соңғы жылдары ауданымызда Мемлекет басшысының бастамасымен жергілікті тұрғындардың игілігіне арналған ауқымды жұмыстардың қолға алынғаны белгілі. Осындай оңды істердің аясында өткен жылы аудан орталығындағы «Шығыс» және «Солтүстік» тұрғын үй алқаптарына инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары бастау алып, бүгінде бұл жұмыстар аяқталуға аз қалды.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, «Шығыс» және «Солтүстік» тұрғын үй алқаптарын сумен қамту мақсатында су қабылдағыш нысан салынуда. Жалпы құны 278 273,0 теңгені құрайтын нысанның құрылысы бірер күнде аяқталуы тиіс. Іс ойдағыдай орындалып, жұмыс толығымен біткеннен соң аталмыш аумақ тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізбек. Айта кетсек, су қабылдағыш ғимараттың құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталып, нысан қазан айында іске қосылмақ. Құрылыс жұмыстарын «Агроспецмонтаж» ЖШС жүргізуде.
Маңызды міндетті мойынға арқалаған мердігер компания өкілі Еркін Көрпебаевтың айтуынша, су қабылдағыш нысанның қажетті құрал-жабдықтары мен жоғары қысымды сусорғылары толығымен орнатылып, аумағы қоршалған. Мұнда әрқайсының сыйымдылығы 1000 кубты құрайтын екі резервуар орнатылып, қажет болған жағдайда өрт гидранттары қосылады.
Бізге сусорғы бөлмесі, сүзгілеу ғимараты және бақылау-өткізу пунктін көрсеткен Еркін Көрпебаев судың ұңғымадан тұтынушыға жететін жолы жайында егжей-тегжей айтып берді. Мәселен, тереңге орналастырылған сусорғылар суды ұңғымадан тартып, ол сусорғы стансасына келеді. Онда су ультракүлгін сәулелермен залалсыздандырылып, әрі қарай жүйеге қосылады екен.
«Суды залалсыздандырудың бірнеше тәсілі бар. Біріншісі реагенттер (хлор, йод, озон) қолданылатын химиялық тәсіл болса, екіншісі физикалық тәсіл (қайнату, ультрадыбыс, ультракүлгін сәуле). Жер асты және жер үстіндегі суларда адамға зиян бактериялар бар, оларды қарапайым тәсілмен толық көлемде жою мүмкін емес. Сондықтан мұнда ультракүлгін сәулелері қолданылады. Бұл тәсіл суды химиялық қоспасыз тазартуға мүмкіндік береді. Яғни, «Шығыс» және «Солтүстік» тұрғын үй алқаптарының тұрғындары сапалы ауыз суды қолданбақ», — дейді Е.Көрпебаев.
Маман ендігі кезекте стансаның автоматикасын іске қосып, айналасын тікенді сыммен қоршау жұмыстары ғана қалғанын алға тартты. Айта кетсек, қосалқы стансасы бар нысанға электр желісі тартылып, электр қуаты өшкен жағдайда автоматты түрде іске қосылатын дизель генераторы орнатылған.
«Сумен қамту желілерін дәнекерлеу негізгі жұмыстардың бірі. Барлық құбырлар тартылып, қосылды. Сусорғы стансасы жиналды», — дейді мердігер ұйымның дәнекерлеушісі Әсет Шайдильдин.
Естеріңізге салсақ, стратегиялық маңызы зор нысанмен танысу барысында аудан басшысы Мәден Мұсаев құрылыс сапасына назар аударып, нысанды уақытылы өткізуді тапсырған болатын.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.