«АУЫЛ ӘЙЕЛІ – АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫ»

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Ауыл әйелі – ауыл экономикасы» атты маңызды форум өтті. Тағылымды басқосу ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттырып, олардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға, экономикалық белсенділігін күшейтуге арналды.

Форумның басты мақсаты – ауылдағы қыз-келіншектердің кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, олардың шағын және орта бизнестегі мүмкіндіктерін кеңейту, ауыл экономикасының өркендеуіне үлес қосатын іскер әйелдердің тәжірибесін насихаттау болды.

Жиынға «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, облыстық мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының төрайымы Айман Ашимова, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Тәтті Орынтай және ауданның кәсіпкер қыз-келіншектері қатысты.

Форум аясында алдымен ауданның іскер әйелдері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен кәсіпкер әйелдердің өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Көрме қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Басқосу барысында ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, қаржылық сауаттылықты арттыру, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар жайлы ақпарат беру мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар табысты кәсіпкер әйелдердің тәжірибелері ортаға салынып, олардың еңбек жолындағы жетістіктері үлгі ретінде көрсетілді.

Форумда сөз алған Бейқұт Жамангозов кәсіпкер әйелдердің аудан экономикасының дамуына қосып отырған үлесі орасан зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл әйелдерінің бастамалары тек отбасының ғана емес, тұтас өңірдің әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде.

Ал облыстық мәслихат депутаты Айман Ашимова бүгінгі таңда Жамбыл өңіріндегі қыз-келіншектердің белсенділігі артып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Қазіргі таңда Жамбыл облысында 612 мыңнан астам қыз-келіншек тұрады. Соның 53 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысады. Бұл — әйелдердің үлкен бастамаларға ұйытқы болып, өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырғанының айқын дәлелі, — деді ол.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Тәтті Орынтай да ауыл әйелдерінің қайсарлығы мен еңбекқорлығына ерекше тоқталды.

– «Қолымнан іс келмейді» деген ұғым болмауы керек. Мұнда отырған кәсіпкер әйелдердің ешқайсысы бәрін біліп туған жоқ. Олар ата-бабадан дарыған қасиетті еңбектің арқасында, тәжірибе мен табандылық арқылы жетістікке жетті. Демек, әр адамның қолынан іс келеді. Көрмені аралап, ерекше тәнті болдым. Еңбектеріңіз жана берсін, – деді.

Форум соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің ауыл әйелдеріне тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ жиын барысында кәсіп бастау мен оны дамытуға қатысты көптеген пайдалы мәліметтерге қаныққандықтарын жеткізді.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.