ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА АЙРЫҚША НАЗАР

0

Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жұмыс сапары аясында Қарасай ауылдық округіне барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың қызметімен және елді мекеннің инфрақұрылымдық жағдайымен танысты.

Әкім орынбасары алдымен 2024 жылы пайдалануға берілген Қарасай ауылдық мәдениет үйіне ат басын тіреді. Қазіргі таңда бұл мекеме ауылдың қоғамдық және шығармашылық өмірінің маңызды орталықтарының біріне айналған. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталған үш үйірме жұмыс істейді. Робототехника және жасанды интеллект үйірмесіне 20 бала қатысса, хореография бағыты бойынша 15 тәрбиеленуші білім алуда. Ал «Ай Көркем» сәндік-қолданбалы өнер үйірмесіне 32 бала қатысады.

Мекеменің қызметімен танысқан аудан Н.Сатымқұл өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға ғимараттың айналасын абаттандыру және нысанның сыртқы келбетін одан әрі жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сапар барысында Нұрболат Ақынғалиұлы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне де барып, оның жұмысымен танысты. Нысанды аралау кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және округ тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қосымша назар аударуды қажет ететін мәселелер белгіленді.

Білім беру саласына да ерекше көңіл бөлінді. Аудан әкімінің орынбасары Мағжан Жұмабаев және Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептерде, сондай-ақ Қарасай ауылындағы Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында болды. Педагогикалық ұжымдармен кездесу барысында ол балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамытудың маңызын атап өтіп, білім беру ұйымдарының жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Мекеме қызметкерлеріне қолдау білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Жұмыс сапары аясында аудан әкімінің орынбасары ауылдық аурухананың қызметімен де танысты. Халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселелері қаралып, округ тұрғындарына дер кезінде әрі сапалы медициналық қызмет көрсетудің маңыздылығы атап өтілді.

Сондай-ақ елді мекендегі қоғамдық кеңістіктер де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл саябақтарын аралаған Нұрболат Сатымқұл жауапты қызметтерге аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық жағдайды жақсарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл ретте тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән беру қажеттігін айтты.

Сапар барысында аудан әкімінің орынбасары ауыл мешітіне де барып, оның қызметімен және нысанның жағдайын көрді.

Қарасай ауылдық округі құрамына кіретін Еңбек ауылындағы әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс сапары барысында аудан әкімінің орынбасары ауылдық кітапхана мен ауылдық клубта болып, олардың жұмыс жағдайымен және өзекті мәселелерімен танысты.

Кітапханада тұрғындардың кітап оқу белсенділігіне ерекше көңіл бөлінді. Нұрболат Сатымқұл тұрақты оқырмандар санына, сұранысқа ие әдебиеттерге және бүгінгі жастардың қандай кітаптарды таңдайтынына қызығушылық танытты. Әңгімелесу барысында мекеме қызметкерлері бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жылыту жүйесін жаңғырту және нысанды табиғи газға қосу қажеттілігі сөз болды. Бұл келушілер мен қызметкерлер үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сапар аясында Еңбек ауылындағы орта мектеп те араланды. Білім беру мекемесінің жағдайымен танысқан аудан әкімінің орынбасары сапалы оқу үдерісін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдайлардың жасалуы маңызды екенін атап өтті. Ол білім беру жүйесін дамыту, оқушылар мен педагогтер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері жауапты тұлғалардың тұрақты бақылауында болуы тиіс екенін айтты.

Әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралау қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді қарастыру және оларды шешу жолдарын айқындау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІ ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС

Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жұмыс сапарымен Қаракемер ауылдық округіне барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың қызметімен, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, спорт мекемелерінің жұмысымен танысты.

Сапар барысындағы алғашқы нысаны А.Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектеп болды. Аудан әкімінің орынбасары оқу үдерісінің ұйымдастырылуы, білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығы және жазғы кезеңде атқарылып жатқан жұмыстар жайында ақпарат алды. Сонымен қатар оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мектептің материалдық-техникалық базасының жай-күйі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бұдан кейін Нұрболат Сатымқұл 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген №54 мектепке барды. Заманауи білім беру мекемесі округтегі маңызды әлеуметтік нысандардың біріне айналған. Нысанды аралау барысында кадрлық қамтамасыз ету, балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау және тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуы мәселелері талқыланды. Қазіргі заманғы мектептер тек сапалы білім беріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына ықпал етуі тиіс екені атап өтілді.

Жұмыс сапарының келесі нысаны Қаракемер ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені болды. Мұнда аудан әкімінің орынбасары спорт мекемесінің қызметімен, дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жасалған жағдайлармен, сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтына тарту бағытындағы жұмыстармен танысты. Бұқаралық спортты дамыту және қолжетімді спорттық инфрақұрылым қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретіні айтылды.

Сапар барысында ауылдық аурухана да араланды. Медициналық мекеме басшылығы бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар, халыққа көрсетілетін қызметтер және мекеменің қажеттіліктері туралы баяндады. Кездесу барысында медициналық көмектің сапасын арттыру және округ тұрғындарын қолжетімді денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Жұмыс сапары Қаракемер ауылындағы мешітке барумен аяқталды. Кездесу барысында жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі, қоғамдық келісімді сақтау және дәстүрлі құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды.

Сапар қорытындысы бойынша Нұрболат Сатымқұл ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, нысандарды аралау барысында көтерілген мәселелерді тұрақты бақылауда ұстауды жауапты тұлғаларға тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.