ҚОЛЫНАН ҚАЛАМЫН ТАСТАМАЙТЫН ҚАРИЯ

0

Қазақ халқы қашанда қарты бар үйді – қазынасы бар деп қараған. Осы қағидамен өмір сүруде. Әр ауылда аузы дуалы, берекелі ісі бар, отбасылық көрсетер өнегесі, айтар ақылы, жөн сілтер ақыл-айласы бар қариялар әр ауылда бар. Осы жолдарға куә болардай Қызылсай ауылында ұзақ жылдар ауыл ақсақалдарының төрағасы болған, бұл күндері ауыл биі Рақымбай Молдашұлы ақсақал сексеннің сеңгірінен асып тоқсанның төріне иек артқан қария. Балалық шағы соғыстың қиын-қыстау шағында өтті. Майдангер әкесі соғыстан оралмады.
Ақсақал Жеңіске тылда анасымен бірге әлінше еңбек етіп өз үлесін қосты. Өгіз арба айдады, масақ терді. Соғыстан кейінгі жылдарда колхозда түрлі жұмыстар атқарып зейнетке шықты. Өмірден ертерек озған жары Оля екеуі саналы ұрпақ өсірді. Немере, шөбере сүйді. Бұл күндері ұл-қыздары әр салада еңбек етіп алды зейнет жасына жетіп отыр. Қызы Света заман талабына сай кәсіпкер. Туған ауылының өркендеуіне әрдайым қол ұшын беруде. Немере-шөберелері оқу озаттары. Немере қызы Амина іргелі университеттің оқу грантын жеңіп алды.
Көзі қарақты, көкірегі ояу ауыл тұрғындары біледі. Көш жүре түзеліп келе жатқан кездері ауылымыздың өркендеуіне, өркениет көшінен қалмауға қалам құдіретімен, ақындық өнерімен ауылдастарды ұйымдастыра біледі. Ол әрекеті нәтижелі болды. Ауыл көшелерінің жарығы, ауыз суы, байланыс құралдары, мал жайылымы, жер үлестерін бөлу сияқты толып жатқан істердің басында жүрді.
«Шамшырақтың» ауылдық тілшісі ретінде баспасөз арқылы аудан, облыс көлемінде нәтижелі істер туралы, тәрбиелі ұрпақ туралы шығармашылықпен айналысты. Қанға сіңген қасиет әлі күнге жалғасын тауып келеді. Көз жанары әлсіресе де қаламын тастаған жоқ.
Ақсақалдың кеудесінде «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қордай ауданының құрметті ардагері» , «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы», «Ардагерлер ұйымының 30 жылдығына» арналған марапат медальдар жарқырауы, түрлі облыстық, аудандық деңгейдегі мақтау марапаттары осы еңбектің дәлелі болар.
Ақсақалымыз ақындық өнерімен қоса гармонь тартып , домбыра да шертеді. Ұлы Абайдың 32 өлеңін, Пушкиннің аудармаларын, Омар Хаямның рубаяттарын әлі күнге дейін жатқа соғады. 80 жылдық тойында ұл-қыздары ақын аталарының «Ұрпағыма ұлағатты аманат» атты өзінің өлеңдер жинағын шығарып сыйға тартты. Бұл да бір ұрпаққа сіңірген еңбектің өтеуі деп білеміз.
Ә. Кекілбаев ағамыз «Барын бағаламағанға бақ қонбайды депті». Ендеше әр ауылдағы қарияларымызды бағалай, аялай білейік.

Бақтыбек МҮСЛІМОВ, Қызылсай ауылдық
ардагерлер алқасының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.