ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА – ЕРЕКШЕ ҚОЛДАУ

0

Қоғамның басты құндылығы – әрбір баланың сапалы білім алып, толыққанды дамуына жағдай жасау. Осы мақсатта Қордай ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жүйелі әрі кешенді қолдау көрсетіп келеді.

Бүгінде Қордай ауданында ерекше білім беруді қажет ететін 910 бала тіркелген. Олардың 403-і – мүгедектігі бар балалар. Осындай балалардың жан-жақты дамуына ықпал ету үшін түзету кабинетінде білікті мамандар қызмет атқарады. Атап айтқанда, логопед, дефектолог, психолог, сурдопедагог, тифлопедагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және музыкалық ырғақ педагогы балалармен жеке және топтық форматта жұмыс жүргізеді.

Ауылдық жерлердегі қолжетімділікті арттыру мақсатында 2021 жылы Масанчи және Сортөбе ауылдарында КППК-ның филиалдары ашылған болатын. Бұл шешім шалғай елді мекендердегі балалардың өз ауылынан шықпай-ақ түзету-педагогикалық көмекті алуына мүмкіндік берді.

Кабинет пен оның филиалдары жыл сайын дамуында ерекшеліктері бар 120-дан астам балаға тегін қызмет көрсетеді. Мамандар әр баланың жеке қажеттілігін ескере отырып, сөйлеу тілін дамыту, психологиялық қолдау көрсету, әлеуметтік бейімдеу және қозғалыс дағдыларын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс атқарады.

КППК мамандарының пікірінше, ерте араласу – баланың болашақ дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Осы орайда дефектолог және сурдопедагог Толғанай Қанатқызы ерте жастан қолға алынған қолдаудың маңызын ерекше атап өтті:

«Мен алғаш рет 2018 жылы жұмысқа кірген кезде шамамен 42 бала болатын. Қазіргі таңда олардың саны 325-ке жетті. Арнайы білім беруді қажет ететін балалар саны артқан сайын біз де даму үстіндеміз. Түзету кабинетінде туылғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Көптеген ата-ана баланың ең маңызды кезеңі – туғаннан 3 жасқа дейінгі аралықты өткізіп алып жатады. Ал дәл осы кезеңде ерте қолдау көрсетілсе, баланы қатарластарының деңгейіне жеткізу әлдеқайда жеңіл әрі нәтижелі болады. Екіншіден, ата-ана үмітін үзбей, мамандармен бірлесе жұмыс істеп, үй жағдайында да ұсыныстарды орындаса, әрбір баланың дамуына үлкен мүмкіндік бар», – дейді маман.

Мамандардың айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс тек мекеме ішінде ғана емес, үй жағдайында да жалғасуы тиіс. Ата-ана мен маманның бірлескен еңбегі – баланың дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі.

Кабинет заманауи құрал-жабдықтармен, дамытушы ойыншықтармен және арнайы техникалық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде балалармен жүргізілетін түзету жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мамандар өз білімдерін үнемі жетілдіріп, жаңа әдістемелерді тәжірибеге енгізіп келеді.

Ерекше балаларды қолдау – тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қордай ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті осы бағытта маңызды рөл атқарып, балалардың болашағына жол ашып, олардың қоғамға бейімделуіне зор үлес қосуда.

Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.