«ӘКЕ – ОТБАСЫНЫҢ БАҚЫТЫ»

0

Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде ерекше мереке, Әкелер күні аталып өтеді. Осыған орай, Қордай аудандық Мәдениет үйінде атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Бұл шараның тәрбиелік мәні өте зор, себебі оның басты мақсаты – әке мәртебесін көтеру, отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлін кеңінен насихаттау.

Аудандық деңгейде өткен байқау ауданның әр ауылдық округінен келген әкелер, олардың балалары мен немерелері қатысып, түрлі кезеңдер бойынша өнер көрсетіп, білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды. Қатысушылардың өнері ерекше болды, олар отбасыдағы өзара сыйластықты, әке мен бала арасындағы рухани байланысты, сондай-ақ ұлттық тәрбиенің маңызын көрсететін қызықты тапсырмаларды орындады. Олардың өнерлері, өзара қарым-қатынасы, және ұлттық мәдениетімізді көрсетуі көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Шараның ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз сөйлеп, Әкелер күні мерекесінің қоғамдағы маңызды орнын атап өтті. Олар әкенің отбасы тәрбиесіндегі орны мен рөлін ерекше атап, «Әке – отбасының тірегі, балаларына бағыт-бағдар беретін тұлға, өмірлік ұстанымдар мен адамгершілік қасиеттердің алғашқы үлгісі» екендігін айтты.

Сайыс барысында қатысушылар өздерінің өнерлерін паш етіп қана қоймай, сондай-ақ, отбасы құндылықтарының маңыздылығын да насихаттады. Әкесінің қолдауымен балалар, немерелер өздерінің таланттарын көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Шара соңында, әділ қазылар алқасының шешімімен, I орын –Еркінбек Құттықов (Қордай ауылы), II орын – Жанабек Қожабергенов (Степной ауылы), III орын –Алишер Малабеков (Қарасай ауылы) иеленді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушылар әр түрлі номинация бойынша дипломдармен, алғыс хаттармен, бағалы және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Әкелердің рөлі қоғамда әрдайым маңызды ескерілетін болады, ал мұндай байқаулармен бұны көпшілікке таныту – үлкен жетістік.

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.