Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы жылдары тұрақты қарқын алып келеді. Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында өндіріс көлемі артып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ауданда бүгінде 600-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы он жыл ішінде ірі қара мал саны екі есеге өсіп, 30 мыңнан 60 мың басқа жетті. Биыл 4,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде дәндік жүгері егістігінің көлемі ұлғайтылды. Суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мақсатында каналдарды тазалау, жөндеу және бетондау жұмыстары жүргізілуде.