СЕНІМ СЕРПІН БЕРГЕН ЖЕҢІС

0

Қордай ауданының намысын абыроймен қорғаған Алмасбековтер отбасы облыстық «Әкем – бәйтерегім» фестивалінде Алғыс хат пен бағалы сыйлыққа ие болды.

Отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын бесігі, қоғамның берік тірегі. Ұрпақ бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіретін де – өнегелі отбасы. Осындай игі құндылықтарды дәріптеу мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданында өткен іріктеу кезеңінде үздік деп танылған Алмасбековтер отбасы облыстық «Әкем – бәйтерегім» фестиваліне жолдама алып, аудан абыройын жоғары деңгейде қорғады.

Аудандық кезеңде өздерінің бірлігімен, еңбекқорлығымен, өнері мен тәрбиелік тағылымын жан-жақты таныстырған Алмасбековтер отбасы І орын иеленіп, «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанды. Осылайша Қордай ауданының атынан облыстық фестивальге қатысу құрметіне ие болды.

Облыстық байқауға дайындық жұмыстары Қарасу ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен жүргізілді. Ауылдық округ әкімі Жанияз Шерниязұлының бастамасымен отбасының өмір жолы мен жетістіктерін қамтитын құжаттар жүйеленіп, фотоматериалдар жинақталды. Отағасы Қайрат Мейрамханұлының журналистика, педагогика және қоғамдық қызметтегі еңбегін баяндайтын арнайы бейнеролик әзірленіп, кейін облыстық кезең талаптарына сәйкес ықшам форматқа бейімделді.

Алмасбеков Қайрат Мейрамханұлы – көпшілікке еңбегімен танылған азамат. Ол 1971 жылы Қордай ауданының Кеңес ауылында (қазіргі Өтеген батыр ауылы) дүниеге келген. Еңбек жолын Сортөбе пошта бөлімшесінен бастап, кейін журналистика саласында жемісті қызмет атқарды. Әр жылдары аудандық «Қордай шамшырағы», облыстық «Тараз газеті», республикалық «Дүнген газеті», «Заң газеті» және халықаралық «Түркістан» газеттерінде қызметтерін атқарды. Сонымен қатар жиырма екі жылдан астам уақыт білім беру саласында ұстаздық етіп келеді. Саналы ғұмырында бірнеше Алғыс хатпен, Құрмет грамоталарымен марапатталып, түрлі деңгейдегі «Үлгілі отбасы», «Өнерлі отбасы», «Парасатты отбасы» байқауларының жеңімпазы атанған.

23 маусымда Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» орталығында өткен облыстық «Әкем – бәйтерегім» фестивалінде Алмасбековтер отбасы Қордай ауданының намысын абыроймен қорғап, өздерінің өнерін, ауызбіршілігін және отбасы құндылықтарына адалдығын көпшілікке таныта білді. Фестиваль қорытындысында орталық директоры Дамира Сүгірбай Алмасбековтер отбасына Алғыс хат пен бағалы сыйлықты салтанатты түрде табыс етті.

Бұл жеңіс – бір ғана әулеттің жетістігі емес. Бұл – Қордай өңіріндегі өнегелі отбасылардың мерейі, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің жарқын көрінісі. Өйткені мұндай тағылымды шаралар отбасы институтын нығайтып, әке беделін арттыруға, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға қызмет етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.