Әлем жанарсыз да жарық болады

0

Қоршаған әлемнің сұлулығына тамсану адам жанының бір құмары. Ал, қос жанары сөнген зағип жандар өз ғұмырын мазмұнды да мағыналы өткізу үшін қаншама тер төгетінін айтпаса да белгілі. Көру мүмкіндігі болмаса да көңілі дархан, жүрегі мейірімге толы, тұла бойына өнер қонған, болмысы ерекше жан турасында айтқымыз келеді. Жамбыл ауылының тұрғыны Ерхат Тәжібаев сондай жандардың бірі.

Жастайынан қолына домбырасын ұстап, талай байқауларда көптің көңілінен шығып, өзінің өмірге деген құштарлығымен талайды тамсандырған Ерхат бүгінгі таңда еңбегімен еленген азаматқа айналған. Өнерге, музыкаға құштарлығын байқаған ата-анасы оны тоғыз жасында Алматы қаласындағы мектеп-интернатқа жібереді. Мектепте ән, вокал, домбыра үйірмелерінің белсендісі атанып, оны аяқтаған соң П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түседі. Домбыра, күй сандық аспаптарында еркін ойнап, ән салып жүріп жоғарыда айтып өткеніміздей түрлі байқауларда бақ сынап, жеңімпаздар қатарынан көрінеді.
Бүгінде Ерхат Жамбыл ауылындағы №26-шы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте ұстаздық етіп жүр. 5-6 сынып оқушыларына музыка пәнінен сабақ береді. Ұстаздық жолды бастағанына көп болмаса да қазір жұмысына төселген. Арман жолында алдынан кездескен кедергі-құрсауларды бұзып өтіп, жанарынан айырылса да өсемін, жанамын деген іштегі жалын оның белестерді бағындыруына үлкен күш берді. Қазіргі таңда оқушыларды дәстүрлі өнерге баулып жүрген жайы бар.
-Жұмысқа алғаш келгенімде балаларға не үйрете аламын, ұжым мені қалай қабылдайды?, – деген үрей басым болды. Бірақ, барлығы ойдағыдай қалыптасуда. Енді бар күш-жігерімді өскелең ұрпақтың саналы да мәдениетті, өнерлі болып өсуіне арнасам деген арман бар. Ата-анамның,туыстарымның қолдауы өзіме деген сенімімді арттырып, күш беріп отырады. Ол күшті өзімнің мамандығыма жұмсайтын боламын. Оқушыларымның арасын өнерге, музыкаға жақын балалар көп. Олар маған шабыт береді. Балалардың барлығына бірдей дәрежеде сабақ өткіземін.Ұжым мені жақсы қабылдады, оларыға ризашылығымды білдіремін. Адамның жақсылығын ұмытпау керек деп ойлаймын, — дейді Ерхат Тәжібаев.
Әрине, кейбір қиын сәттерде барлығына қолын бір сілтеп, тастап кеткісі келген күндер де болған. Бірақ, қайта күш жинап, талпынып, алға қарай жылжуға, өсуге, өмір деген айдынның толқынына құлаш ұрып, жеңісті жолдарын жалғастыруда.
-Өмірге деген өкпем жоқ. Көру маған бұйырмаған шығар. Беретін де, алатында Алла. Болашағыма деген үмітім зор. Кейде өзімді өнер өлкесінен, үлкен сахнадан көремін. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Ең бастысы адами қалыпты жоғалтпау және адамдарда мейірімділіктің көп екеніне сену керек, — дейді кейіпкеріміз.
Біз Ерхатқа әрдайым сәттілік тілейміз. Асқақ армандары орындала берсін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.