Азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етудің маңызды кезеңі – сайлаушылар тізімін нақтылау. Әрбір азамат өзінің сайлау учаскесін алдын ала анықтап, тізімдегі мәліметтерінің дұрыстығын тексере алады. Осыған байланысты аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Төреханұлы Сырлыбаевпен сұхбаттасып, сайлаушылар тізімін тексеру тәртібі туралы түсініктеме алдық.
– Асылбек Төреханұлы, азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін қалай тексере алады?
– Азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін бірнеше тәсіл арқылы тексере алады. Бұл – сайлау процесінің ашықтығы мен азаматтардың өз құқықтарын толық пайдалануына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Біріншіден, 2026 жылғы 7 тамыздан бастап әрбір азамат өзінің дауыс беретін сайлау учаскесіне барып, сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы мәліметтермен танысуға құқылы. Бұл кезеңде тұрғындар жеке деректерінің дұрыс енгізілгенін тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті нақтылау жұмыстарын жүргізе алады.
Екіншіден, азаматтар аудан әкімдігі жанынан құрылған Call-орталыққа хабарласып, қажетті ақпаратты ала алады. Call-орталықтың 8 (72636) 4-30-19 телефон нөмірі арқылы мамандар сайлаушылар тізіміне қатысты сұрақтарға жауап беріп, азаматтарға қажетті мәліметтерді нақтылауға көмектеседі.
Сонымен қатар, заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, сайлаушылар өздерінің дауыс беру учаскесін электрондық сервис арқылы да анықтай алады. Ол үшін «ЖСН бойынша өзіңіздің дауыс беру учаскеңізді табыңыз» қызметіне жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу жеткілікті.
Бұл сервис азаматтарға 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беретін сайлау учаскесін алдын ала білуге мүмкіндік береді.
Сайлаушылар тізімін тексеру – әр азаматтың сайлау процесіне жауапкершілікпен қатысуының бір көрінісі. Сондықтан тұрғындарға берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, өз мәліметтерін алдын ала нақтылап алғаны жөн.
Өз құқығыңды білу – азаматтық белсенділіктің маңызды қадамы.