Сайлаушылар тізімі дегеніміз не және оның маңызы турасында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Асылбек Сырлбаевпен сұхбат.
-Асылбек Төреханұлы, сайлаушылар тізімі дегеніміз не және оның маңызы қандай?
-Сайлаушылар тізімі – сайлау күні дауыс беруге құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының ресми тізімі. Бұл тізім азаматтардың конституциялық сайлау құқығын қамтамасыз ету мақсатында жасалады. Оның басты маңызы – әрбір азаматтың дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету, сайлаудың ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өтуіне жағдай жасау. Сондай-ақ, сайлаушылар тізімі арқылы бір азаматтың бірнеше рет дауыс беруіне жол берілмейді.
-Сайлаушылар тізіміне қандай азаматтар енгізіледі?
— Сайлаушылар тізіміне сайлау күніне дейін он сегіз жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар және соттың шешімімен сайлау құқығынан айырылмаған азаматтар енгізіледі. Азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуі де ескеріледі. Осы мәліметтердің негізінде жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін қалыптастырады.
— Азамат өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін қалай тексере алады?
— Әрбір азамат сайлауға дейін өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін бірнеше тәсілмен тексере алады. Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына барып, жеке куәлігін көрсетуге болады. Сонымен қатар CALL-орталық немесе электрондық сервистер арқылы да тексеру мүмкіндігі қарастырылған. Егер мәліметтерінде қате болса, оны алдын ала түзетуге болады.
— Егер азамат өз аты-жөнін сайлаушылар тізімінен таппаса немесе мәліметтері қате болса, не істеуі керек?
— Мұндай жағдайда азамат учаскелік сайлау комиссиясына немесе жергілікті атқарушы органға жеке басын куәландыратын құжатпен жүгінуі қажет. Ол сайлаушылар тізіміне енгізу немесе қате мәліметтерді түзету туралы өтініш береді. Комиссия өтінішті заңнамада белгіленген мерзімде қарап, қажетті өзгерістер енгізеді. Сондықтан сайлау күніне дейін өз мәліметтерін тексеріп алған дұрыс.
— Сайлаушылар тізімін қалыптастыру тәртібі қандай және оны қай орган дайындайды?
— Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы деректер негізінде жасайды. Кейін бұл тізімдер учаскелік сайлау комиссияларына беріледі. Комиссиялар тізімдердің дұрыстығын тексеріп, азаматтардың өтініштері бойынша қажетті өзгерістер енгізеді. Осылайша, сайлау күніне дейін тізімдер нақтыланып отырады.
— Сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерді алдын ала тексерудің маңызы қандай?
— Мәліметтерді алдын ала тексеру сайлау күні туындауы мүмкін мәселелердің алдын алады. Егер азамат тізімге енгізілмесе немесе аты-жөні, мекенжайы дұрыс көрсетілмесе, ол уақытында түзету енгізе алады. Бұл әрбір азаматтың дауыс беру құқығын толық көлемде жүзеге асыруына мүмкіндік береді және сайлау процесінің ұйымдасқан түрде өтуіне ықпал етеді.
— Азаматтарды сайлаушылар тізіміне толық әрі дұрыс енгізудің қоғамдық маңызы қандай?
— Азаматтарды сайлаушылар тізіміне дұрыс және толық енгізу – демократиялық сайлаудың негізгі талаптарының бірі. Бұл әрбір азаматтың өз таңдауын еркін жасауына, мемлекеттік басқаруға қатысуына және халықтың еркін білдіруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, нақты әрі дұрыс жасалған сайлаушылар тізімі сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және қоғамның сайлау нәтижесіне деген сенімін арттырады.
Рахмет!