Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың тапсырмасына сәйкес аудан аумағында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, Тараз–Шу бағыты бойынша қатынайтын такси жүргізушілері мен жолаушылар үшін 12 автокөлікке арналған арнайы жабық автотұрақ пайдалануға берілді. Ұзындығы 35, ені 6 метр болатын нысан көлік жүргізушілерінің де, жолаушылардың да қолайлы жағдайда қызмет алуына мүмкіндік береді.
Бұған дейін бұл аумақта арнайы тұрақтың болмауы салдарынан көліктер жол жиегіне тоқтап, жолаушыларды отырғызу мен түсіру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қиындық туғызатын. Енді бұл мәселе өз шешімін тапты.
Сонымен қатар, жаңа автотұрақ заманауи бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Осындай қолайлы жағдай Қордай–Алматы бағыты бойынша қатынайтын такси жүргізушілері мен жолаушылар үшін де жасалды. Жаңа тұрақтар көлік қозғалысын реттеуге, жол бойындағы ретсіз тоқтауларды азайтуға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.