Жол жөндеуден газдандыруға дейін

0

Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады. Брифинг барысында аудандағы жол жөндеу, ауызсу және газдандыру салаларында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды.

Биыл Қордай ауданында автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда едәуір қарқын алған. Жоспарланған жобалардың басым бөлігі іске асырылып, аудан жолдарының сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Ірі жобалардың бірі – аудандық маңызы «Қаракемер – Керу» автомобиль жолының 18,1 шақырымын орташа жөндеу. Жобаны «АрсикоСтройИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. 2026 жылға бұл жобаға 862,1 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Сонымен қатар, Қордай ауданындағы «Күнбатыс-1» және «Күнбатыс-2» елді мекендеріне кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жобаларды «Ақ-ЖолСервис» ЖШС іске асыруда.

Ауылішілік көшелерді жаңарту бағытындағы жұмыстар да кең көлемде қолға алынған. Масаншы, Қордай, Ноғайбай ауылында бірқатар жолдар жаңарған.

Жалпы алғанда, бұл жобалар аудан тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қатынауына мүмкіндік беріп, көлік қозғалысының сапасын жақсартуға бағытталған.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Келесі жылы «Отар – Сұлутөр – Көктөбе» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 43,85–59,55 шақырым аралығын қамтитын 15,7 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Сондай-ақ Ауқатты ауылына кіреберіс жолдың 5,53 шақырымына орташа жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Маңызды жобалардың қатарында «Шу – Қайнар» автомобиль жолын жөндеу жұмыстары басталған.

Қордай ауданында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше ірі жоба қатар жүзеге асырылуда.

Гвардейск қалашығында су құбыры желілерін қайта жаңарту және қызмет көрсету желілерін салу жұмыстары жүргізілуде.

Күнбатыс-2 ауылында су алу құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысына қомақты қаржы бөлінсе, сонымен қатар Қарасай батыр ауылында жаңа су құбыры желілері салынуда.

Аталған жобалардың жүзеге асуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Аудандағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Керу ауылында газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен бірге Мұзбел, Бел, Аңырақай және Байтерек ауылдарын газдандыру жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, жүзеге асыруға дайын.

Ал Гвардейск қалашығында тұрғын үйлерге дейін жеткізуші газ коммуникацияларын тарту және ішкі газ құбырларын салу бағытында да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Ішкі газ құбырының жалпы ұзындығы 21,78 шақырымды құрайды.

Бүгінде Қордай ауданында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар өңірдің келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүруіне негіз қалыптастырып отыр. Алдағы уақытта да ауданның жол-көлік, сумен жабдықтау және газдандыру салаларын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады, деді баяндамашы. Сонымен қатар бөлім басшысы тілшілер мен оқырмандар тарапынан түскен сұрақтарға да жауап берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.