Жылыжай берекелі табыс көзі

0

Қордай ауданы – ауыл шаруашылығы саласында өзін-өзі тез жаңғыртып, кез-келген шаруашылық түріне икемделе алатын ерекше аймақтардың бірі. Мұнда шаруашылықтың әртүрлі түрлерін тез игере алатын қабілет пен іскерлік байқалады. Соның ішінде жылыжай шаруашылығы ауданда қарқынды дамып, жергілікті тұрғындардың тұрақты кәсіп көзінің біріне айналып отыр.

Бұрындары далада ғана өсірілетін көкөніс пен бау-бақша өнімдері енді жылыжайлардың арқасында жыл бойы мол көлемде жиналып, сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл халықтың күнделікті тұтыну қажеттілігін қамтамасыз етуімен қатар, аймаққа экономикалық серпіліс әкелуге де зор септігін тигізуде. Масаншы ауылы – сол дамудың жарқын мысалы. Мұнда бірқатар кәсіпкерлер жылыжай бизнесін жолға қойып, кәсіптерін дөңгелетуде. Сулейман Хурман мен Исмар Джус – жылыжайды кәсібіне айналдырып, ауылдың гүлденуіне үлес қосып отырған білікті кәсіпкерлер. Олардың әрқайсысы ауласының – 3,5 және 5 сотық көлемінде аз ғана жерін тиімді пайдаланып, қызанақ өсіруге арнап жылыжай құрған. Алғашқы қадамнан бастап бес жыл бойы табандылықпен жұмыс істеген кәсіпкерлер, бүгінде өз өнімінің сапасы мен өнімділігі жағынан үздіктер қатарында.

Жылыжайда өсірілген өнімдердің ауылшаруашылық саласына қосып отырған пайдасы зор. Қоршаған ортаның зиянды әсерлерінен аулақ болғаны үшін өнімдер таза әрі дәмді болып келеді. Мысалы, қызанақтың жылыжайда өсуі қоршаған ауаның өзгерісі мен қатты жел, жаңбыр секілді табиғи факторлардың әсерінен қорғалған. Соның нәтижесінде, қызанақтар жылтыр әрі оларды сақтау мен тасымалдау жеңілдейді. Сонымен қатар, далада өсірілген көкөніспен салыстырғанда, жылыжайда өскен өнімнің дәмі де өзгеше, нәзік әрі бай болады.

«Жылыжайдағы қызанақтар ерекше күтімді қажет етеді. Олар күннің әсерінен емес, арнайы бақыланатын температура мен ылғалдылық жағдайында өседі. Сондықтан өнімнің дәмі мен түсі табиғи даладағыдан айтарлықтай ерекшеленеді. Бұған қоса, жылыжайдағы өсімдік жылдам өніп, нарыққа ерте шығу мүмкіндігі мол», — деп бөлісті Сулейман Хурман. Оның сөзінен кәсіптің тек пайда әкеліп қана қоймай, білгірлікті, жаңашылдықты қажет ететін өнер екені байқалады.

Қордай ауданында мұндай жылыжайлар саны жылдан-жылға көбейіп келеді, бұл ауыл шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуінің жемісі. Болашақта жылыжай шаруашылығының дамуы нәтижесінде жаңа өнім түрлері пайда болып, халықтың тұтыну өнімдерімен қамтамасыз етілуі одан әрі жақсаратынына сенім мол. Тек ауыл шаруашылығындағы ғана емес, елдің жалпы экономикалық дамуына да жылыжай ісінің тигізер пайдасы зор. Бұл кәсіптің тұрақты дами түсуі ауылдық жерлердегі жұмыс орындарын көбейтіп, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға серпін береді. Сонымен бірге, өнімнің жоғары сапасы мен мол мөлшері ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа шығу мүмкіндігін де арттырады. Қордайдағы жылыжай шаруашылығының дамуы – өңірдің ауылшаруашылық әлеуетін толықтай ашып, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашып тұрған тұғыры іспеттес. Сондықтан бұл бағыттың әрі қарай өркендеп, кәсіпкерлердің табысты істері көбейе берері анық.

Ә.Құттыбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.